Монтайтас ауылдық округінің әкімі болып Ербол Ахметов қайта сайланды
— деп хабарлайды Arysinfo.kz тілшісі.
Арыс қаласына қарасты Монтайтас ауылдық округінде 29 маусым күні өткен әкім сайлауында бұрынғы басшы Ербол Ахметов орнын сақтап қалды. «Amanat» партиясының атынан сайлауға түскен әкім 904 дауыс жинап, өз бәсекелестерінен айқын басым түсті.
Сайлау нәтижелері:
- Ербол Ахметов – 904 дауыс
- Бауыржан Сармантаев – 390 дауыс
- Қуаныш Момбеков – 99 дауыс
- Барлығына қарсы – 6 дауыс
Аумақтық сайлау комиссиясының дерегінше, округтегі 2581 сайлаушының 1404-і дауыс беруге қатысқан. Бұл – халықтың белсенділік деңгейінің әлі де төмен екенін аңғартады.
Ербол Ахметов 2021 жылдан бері округ тізгінін ұстап келеді. Ол өз бағдарламасында ауыл шаруашылығын көтеруге, кооператив құрып, бидай мен мақсары өнімін қайта өңдеуге басымдық беретінін айтқан. Сонымен бірге, ауызсу, жарық, газ мәселесін шешуді, пайдаланылмай жатқан жерлерді ауыл игілігіне қайтаруды уәде еткен.
Халық Ахметовке тағы бір мүмкіндік берді. Ендігі жауапкершілік те арта түсті. Тұрғындар құр уәде емес, нақты нәтиже күтеді. Жаңа әкімнің жұмысын енді уақыт пен халықтың бағасы айқындайды.