НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ: «ӘР ӘКІМ ӨЗ ЖҰМЫСЫНА ЖАУАП БЕРУІ ТИІС»

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен Ордабасы ауданына барып, жергілікті активпен кездесті. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы, шешімін күткен мәселелері мен даму бағыттары талқыланды.

Аудан әкімі Азат Оралбаев өңірдің қазіргі ахуалы жөнінде баяндап, басқармалар басшылары да өз салалары бойынша ұсыныстарын ортаға салды.

Өз сөзінде облыс басшысы мемлекеттік бағдарламалардың орындалу деңгейіне тоқталып, кірістерді ұлғайту, салық түсімдерін көбейту және ауылдық округтердің қаржылық дербестігін қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Әсіресе, кәсіпорындардың салықтан жалтаруы мен әлеуметтік төлемдердің толық көлемде төленбеуі сынға алынды.

– Экономиканы әртараптандырып, бюджетке тәуелділікті азайту – стратегиялық міндет. Мемлекет қолдау көрсетіп отыр, ал жергілікті әкімдердің жұмысы жүйелі әрі нәтижелі болуы керек. Ордабасы ауданы ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, туризм және инфрақұрылым салаларына арқа сүйеп дамуы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстарда ең бастысы – жауапкершілік пен нәтиже, – деді Нұралхан Көшеров.

Кездесуде жұмыссыздық деңгейін төмендету, жаңа өндіріс орындарын ашу және инвестиция тарту мәселелері де қаралды. Сондай-ақ ауданның туристік әлеуетін пайдалану, демалыс орындарының инфрақұрылымын жақсарту, қызмет көрсету сапасын арттыру міндеттері жүктелді.

Жиын соңында облыс әкімі барлық деңгейдегі басшыларды ортақ іске жұмылып, аймақты дамытуға күш салуға шақырды. Мәслихат депутаттарына жаңа жобаларды қолдау және жергілікті бастамаларды зерделеу тапсырылды.

Бердалы Ораз

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан – инвестициялық келіссөздердің жаңа алаңына айналуда

berdaly_oraz

Арыс қаласында орналасқан «MEGA AGAT» кәсіпорнында «Өз кәсібіңді аш» экскурсиясы өтті

Альфия Адамбек

Арыстың төрт жігіті Отан қорғауға аттанды

berdaly_oraz