НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ ҚЫТАЙДЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСТІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Хань Чуньлиньмен ресми кездесу өткізді. Тараптар өңір мен ҚХР провинциялары арасындағы экономикалық, инвестициялық және өңіраралық байланыстарды дамыту мәселелерін жан-жақты талқылады.

 

Кездесуде аймақ басшысы елшінің Түркістан өңіріне сапары екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететінін атап өтті. Әкім Мемлекет басшылары 2025 жылғы қыркүйектегі кездесуінде жариялаған «Жаңа алтын 30 жылдық» кезеңі өңірлік жобаларды жүзеге асыруға тың мүмкіндіктер ашып отырғанын айтты.

 

Көшеровтың айтуынша, соңғы жылдары Түркістан облысы мен Қытайдың Шаньси, Хэнань, Хубей және Хэйлунцзян провинциялары арасында өзара бауырластық және әріптестік туралы бірқатар меморандумдар бекітілген. Бұл құжаттар инвестициялық, мәдени-гуманитарлық және сауда бағыттарындағы байланыстарды айтарлықтай нығайтып, нақты жобалардың іске асуына жол ашты.

 

> «Бүгінде Түркістан облысында қытайлық инвесторлардың қатысуымен бірнеше ірі жоба жүзеге асуда. Екіжақты ынтымақтастықтың мүмкіндігі зор. Алдағы уақытта да жаңа өндіріс орындарын ашып, жоғары технологиялық жобаларды бірге атқаруға дайынбыз», – деді Нұралхан Көшеров.

 

Қазіргі таңда өңірде Қытай кәсіпкерлерінің қатысуымен текстиль кластерін құру, желатин және май компоненттерін өндіру зауыты, көкөніс кептіру және қайта өңдеу кешені, 300 МВт қуатқа ие күн электр станциясы, сондай-ақ бейнебақылау камераларының өндірісі, еден жабындылары мен джинс маталарын шығару жобалары жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар аймақтың өнеркәсіптік әлеуетін арттырумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде Қытайдың Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлинь Түркістан облысының соңғы жылдардағы даму қарқынын жоғары бағалап, әріптестік байланыстарды тереңдетуге мүдделі екенін жеткізді. Ол ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, логистика, жасыл экономика, цифрлық технологиялар және өнеркәсіп саласында жаңа инвестициялық жобаларға зор мүмкіндік бар екенін атап өтті.

Кездесу барысында облыс әкімі инвесторлар үшін Түркістанда қолайлы жағдай жасалғанын айтты. Өңірде жалпы аумағы 2397 гектарды құрайтын индустриалды аймақтар, сондай-ақ 4414 гектар аумақта орналасқан «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Бұл аймақтарда дайын инфрақұрылым, салықтық жеңілдіктер мен кедендік преференциялар ұсынылады. Сонымен бірге, жаңа жобаларды жедел іске қосу үшін шағын өнеркәсіптік парктер құрылуда.

Кездесу қорытындысында тараптар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, қайта өңдеу, логистика және туризм бағыттары бойынша бірлескен жобаларды жалғастыруға дайын екенін білдірді. Алдағы уақытта екіжақты жұмыс тобы құрылып, нақты бастамалар бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысында жол ережесін бұзған той кортежі жауапкершілікке тартылды

berdaly_oraz

Түркістан облысында жол құрылысына неміс технологиясы енгізілуі мүмкін

berdaly_oraz

«Qamqor» мобильді қосымшасы заңсыз тексерулерге жол бермейді