Нұралхан Көшеров Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамытуды тапсырды,-деп хабарлайды Arysinfo.kz
Қазығұрт ауданында кәсіпкерлік саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Өңірде жаңа бизнес көздерін ашу және өндірісті кеңейту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жергілікті кәсіпкерлер кеңсе қағазын шығаратын өндірісті іске қосқан. Бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапары аясында өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысты. Қағаз өндірісі жобасының қуаттылығы тәулігіне 1000 дананы құрайды.
Өңір басшысы кәсіпорын жұмысын оң бағалап, кәсіпкерлікті қолдауға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейту бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Қазығұрт ауданында «Aqua the best» сауда белгісімен ауыз су өндіретін цех өндірісін кеңейтіп, сағатына 6000 литр өнім шығаруға қауқарлы жүйені іске қосты. Кәсіпорында 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, «Қазығұрт» индустриалды аймағында жалпы құны 18,9 млрд теңгені құрайтын, 300-ге жуық жұмыс орны бар 8 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Аудандағы шағын және орта бизнес қарқынды дамуда.
Айта кетейік, кәсіпкерлік саласын дамыту мақсатында облыс әкімінің тапсырмасымен индикаторлық көрсеткіштер әзірленіп, бекітілді. Аудан және қала әкімдіктері мен жауапты басқармаларға бекітілген көрсеткіштерді тұрақты бақылауда ұстап, олардың орындалуын қамтамасыз ету міндеттелген.