Түркістан облыстық мәслихатында мәслихат төрағасы Нұралы Әбішовтің басшылығымен аудандық және қалалық мәслихат төрағаларының қатысуымен жиын өтті, деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Кездесу барысында ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың жетекшілігімен өткен «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының отырысында қозғалған негізгі мәселелер талқыланды. Нұралы Әбішов бейбітшілік пен келісімді сақтау, этносаралық татулықты нығайту, Ассамблеяның рөлі жайлы кеңінен түсіндіріп, жергілікті мәслихаттардың бұл бағыттағы жауапкершілігіне тоқталды.
— Депутаттар — халықтың аманатын арқалаған тұлғалар. Ел бірлігі мен ынтымағын бекемдеуде әрбір депутаттың белсенділігі маңызды. «Бір ел – бір мүдде» ұстанымы — баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз. Осы орайда этносаралық келісімді нығайтып, қоғамдық тұрақтылықты сақтау жолында жұдырықтай жұмылып жұмыс істеуіміз қажет, – деді Нұралы Әлмаханұлы.
Жиында сонымен қатар елді мекендерге атау беру, ескерткіш орнату тәртібі, депутаттар этикасы мәселелері көтерілді. Бұл жөнінде облыстық мәдениет басқармасының өкілдері: тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Нұргүл Жақсылықова, тарихи-мәдени құндылықтарды қорғау бөлімінің басшысы Омар Жексенбаев, сондай-ақ облыстық мәслихат аппаратының басшысы Мақсат Исаев баяндама жасады.
Кездесу аясында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан елді мекендерді сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету, «Жергілікті өзін-өзі басқару институтының тиімділігін арттыру» тақырыбындағы семинар, сондай-ақ кіші футболдан турнир өткізу туралы бастамалар да талқыланды.