Ордабасы ауданында әлеуметтік нысандардың құрылысы қатаң бақылауда

Түркістан облысы әкімдігі өңірдің инфрақұрылымын дамытуға баса назар аударып келеді. Осы мақсатта облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев Ордабасы ауданына іссапармен барып, бірқатар маңызды нысандардың құрылысымен танысты.

Жұмыс сапары барысында ол жауапты мердігерлер мен сала мамандарына нақты тапсырмалар беріп, ең басты талап – нысандардың сапасы мен мерзімінде аяқталуы екенін қадап айтты.

Алдымен Темірлан ауылындағы тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңына барды. Мұнда 144 пәтерлі 10 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жоба аудан халқын баспанамен қамтуға бағытталған әлеуметтік маңызы бар бастамалардың бірі. Аппарат басшысы тұрғын үйлердің құрылыс қарқыны мен сапасын тексеріп, жұмысты уақытылы аяқтау қажеттігін ескертті.

Келесі нысан – аудан орталығында бой көтеріп жатқан жаңа музыкалық мектеп. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, бұл мектеп балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, мәдениет саласын өркендетуге серпін береді. Жаңа ғимарат іске қосылған соң, аудан оқушылары өнерге бейімделу үшін заманауи жағдайға ие болмақ.

Сонымен қатар Шұбар ауылында салынудағы спорт кешені де назардан тыс қалмады. Еркебұлан Дауылбаев бұл нысан ауыл жастары үшін дене шынықтырумен айналысуға кең мүмкіндік ашатынын атап өтіп, салауатты өмір салтын насихаттаудың маңызын ерекше атап өтті.

Аппарат басшысы сапар барысында Шұбарсу ауылындағы Арал эко-алабында салынып жатқан 600 орындық мектепке де барды. Бұл – заманауи талаптарға толықтай сәйкес білім ошағы. Жаңа мектеп іске қосылғанда ауылдағы оқушылар үшін кең әрі қолайлы оқу кабинеттері, спорт және өнер залы қарастырылмақ.

Сапар соңында Еркебұлан Дауылбаев Ордабасы ауданында атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарын облыс басшылығы үнемі назарда ұстайтынын жеткізді. Оның айтуынша, тұрғындардың өмір сапасын арттыратын әлеуметтік нысандардың сапасы жоғары деңгейде болуы – басты талап.

Ордабасы ауданында жүріп жатқан тұрғын үй, мектеп, мәдениет және спорт бағытындағы жобалар тек жергілікті тұрғындарға қажетті жағдай жасауға ғана емес, ауданның жалпы әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бермек.

Ұқсас жаңалықтар

Созақ ауданында нашақорлыққа қарсы бір айлық акция басталды

berdaly_oraz

«Жалған ақпарат» Оны иіскесе қайтыс болады:WhatsApp-та Қазақстан тұрғындары арасында у қосылған әтір су сатылып жатқаны туралы хабарлама тарады

berdaly_oraz

Қоғам қауіпсіздігі: Пробацияның мүмкіндігі мен міндеті

berdaly_oraz