Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек және Әлішер Сатыбалдиев Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары аясында Ордабасы ауданына барды. Сапар барысында сенаторлар облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішовпен, облыстық мәслихат депутаттары Дулат Әбіш пен Ғани Райымбековпен және аудан әкімі Азат Оралбаевпен бірге бірқатар өндіріс орындарының қызметін көрді.

Халық қалаулылары алдымен Ақбұлақ ауылында орналасқан «KAZ KIOTI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын зауытына барды. 2015 жылы іске қосылған кәсіпорын «Үдемелі индустриялды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған. Зауыт жылына 2 мыңға дейін техника өндіруге қауқарлы. Қазіргі таңда мұнда 50 адам тұрақты еңбек етуде. Кәсіпорын басшылығының мәліметінше, зауытта трактордың бес түрлі моделі құрастырылып, ішкі нарықта жоғары сұранысқа ие болып отыр.
Сондай-ақ сенаторлар алюминий профильдерін өндіретін «Central Asia Aluminum Company» зауытының өндірістік үдерісімен танысты. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы 20 мың тонна өнім шығаруға жетеді. Зауытта 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Мұнда өндірілетін өнімнің негізгі бөлігі шетел нарығына экспортталады. Заманауи технологиялармен жабдықталған зауытта өндіріс сапасына ерекше мән берілген.
Іссапар аясында сенат депутаттары Бадам ауылында аудандық мәслихат мүшелерімен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерді ортаға салды. Кездесуде кәсіпкерлікті қолдау, өндіріс көлемін ұлғайту және инвестиция тарту бағытындағы ұсыныстар талқыланды.
Жалпы, облыста индустрия саласын дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Соңғы жылдары инвестиция көлемінің артуы нәтижесінде жаңа өндіріс орындары ашылып, өңдеу өнеркәсібінде оң көрсеткіштерге қол жеткізілуде.
