Түркістан облысы Ордабасы ауданы Бөржар ауылында жылына 14 мың тонна ұн өнімдерін өндіретін жаңа кәсіпорынның құрылысы жүріп жатыр. «Keruen Products» ЖШС жүзеге асырып жатқан бұл жоба аясында макаронның 10 түрі мен тез дайындалатын кеспелер шығарылып, 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. 5,5 гектар аумақта орналасқан өндіріс орны іске қосылғаннан кейін жергілікті бюджеттің кірісін арттыруға сеп болады.
Аудан әкімі Азат Оралбаев өндірістік нысан құрылысымен танысып, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Бұдан бөлек, ол Бадам ауылында салынып жатқан 250 орындық мәдениет үйінің құрылысын, Ұялыжар ауылындағы аяқжол мен асфальттау, Қайнар ауылындағы трансформатор орнату, Ынтымақ ауылындағы 200 орындық мектептің құрылысын бақылап, тиісті ескертулер жасап, жауаптыларға нақты тапсырмалар берді.