Президент Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровті қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровті қабылдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жоспарлары туралы есеп тыңдады.

Кездесу барысында облыс басшысы аймақ экономикасындағы негізгі көрсеткіштерге тоқталды. Оның мәліметінше, соңғы кезеңде өңірдің экономикалық өсімі 113,9 пайызды құраған. Мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдері де айтарлықтай өсіп, жалпы көлемі 1 триллион теңгеге жеткен.

Сонымен қатар 2025 жылы облыс экономикасына 1,7 триллион теңге инвестиция тартылған. Оның ішінде 1,4 триллион теңгесі – жеке инвестициялар. Ал тікелей шетелдік инвестиция көлемі 1,4 миллиард долларға жеткені айтылды.

Әкімнің сөзінше, өткен жылы жалпы құны 340 миллиард теңгені құрайтын 58 инвестициялық жоба іске қосылған. Нәтижесінде өңірде 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Қазіргі уақытта облыста 21 индустриалдық аймақ жұмыс істейді. Ал «Turan» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 315 миллиард теңгені құрайтын 26 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Ауыл шаруашылығы саласында да бірқатар ірі бастамалар қолға алынған. Атап айтқанда, мақта-тоқыма, жүгері және ет өндірісі бағытындағы кластерлер дамып келеді. Бұл жобалар толық іске қосылған жағдайда 2027 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі қосымша 479,5 миллиард теңгеге артады деп күтілуде.

Кездесу барысында әлеуметтік саладағы өзгерістер де сөз болды. Соңғы үш жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны екі есеге қысқарған. Ал жұмыспен қамту шараларына 148 мың адам тартылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құраған.

Бұдан бөлек, облыста білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет нысандарын салу, жол инфрақұрылымын дамыту, елді мекендерді газдандыру және ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндалды.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы өңірде инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы мен өндіріс салаларын дамыту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар халықтың өмір сапасын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажет екенін атап өтті.

Ұқсас жаңалықтар

Шардарада шіркейге қарсы залалсыздандыру шаралары күшейтілді

berdaly_oraz

Түркістан облысында жыл басынан бері 200 келіге жуық есірткі тәркіленді

Альфия Адамбек

АЛМАТЫ: ҚХА ЖАНЫНДАҒЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЭТНОМЕДИАЦИЯ КЕҢЕСІНІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Redaktor Arysinfo