САЙРАМДАҒЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІП: ҚОҒАМДЫ АЛАҢДАТҚАН МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРІЛДІ

 

Сайрам ауданындағы экологиялық ахуал «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы экологиялық кеңестің көшпелі отырысында кеңінен талқыланды. Жиында тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарының жағдайы, карьерлерге мұнай қалдықтарының заңсыз көмілуі, құм-тас өндіру орындарының су ресурстарына тигізіп отырған ықпалы және экологиялық заңнамалардың сақталуы күн тәртібіне шығарылды.

Кеңейтілген мәжіліс Сайрам ауданы әкімдігінде өтті. Оған партияның облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, экологиялық кеңес төрағасы, мәслихат депутаты Бегімбет Байғараев, сондай-ақ жергілікті атқарушы және қадағалаушы органдардың өкілдері қатысты.

Жиын барысында Алтынсары Үмбетәлиев Мемлекет басшысының қоршаған ортаны қорғау мәселесіне ерекше мән беріп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, экологияға жауапкершілікпен қарау – ел дамуының маңызды басымдығы.

– Сайрам ауданы – халқы тығыз орналасқан өңір. Аудан Шымкент қаласымен іргелес орналасқандықтан, мұндағы экологиялық мәселелер тек бір ауданның ғана емес, тұтас өңірдің қауіпсіздігіне әсер етеді. Қоғамды алаңдатқан басты мәселе – Қарамұрт ауылы маңындағы карьерге мұнай қалдықтарының төгілуі. Зерделеу нәтижесінде бұл аумақ Ақбай–Қарасу су қоры бассейнінде орналасқаны анықталды. Егер қалдықтар дер кезінде тазаланбаса, бұл үлкен экологиялық апатқа әкелуі мүмкін, – деді ол.

Жиында су көздерінің ластану қаупі, жер асты су қорына төнген қатер, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының санитарлық талаптарға сай келмеуі және карьерлердің заңсыз пайдаланылуы кеңінен сөз болды. Бұл аумақтағы су ресурстарын Шымкент қаласы мен Түркістан облысы тұрғындарының басым бөлігі тұтынатыны да ерекше атап өтілді.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев баяндама жасап, Қарабұлақ пен Манкент елді мекендеріндегі қалдық полигондарының жай-күйі, сондай-ақ аудан аумағындағы лицензиясы тоқтатылған карьерлер туралы мәлімет берді. Қарамұрт ауылындағы кен орнына қатысты деректер бойынша құзырлы органдар ұсынған ақпаратқа тоқталды.

Сонымен қатар облыстық экология департаменті, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, су ресурстары және полиция органдарының өкілдері атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берді. Қоғамдық белсенділер тұрғындардың алаңдаушылығын жеткізді.

Талқылау барысында жауапты мекемелер тарапынан экологиялық залалға нақты кәсіби баға берілмегені, су қорына төнген қауіптің деңгейі толық анықталмағаны қатты сынға алынды. Ремедиация мен рекультивация шараларының уақытылы жүргізілмеуі, су қорғау аймақтарындағы заң талаптарының сақталмауы, өзен арналарының бұзылуы және жер асты су деңгейінің төмендеуі де негізгі проблемалар қатарында аталды.

Кеңес мүшелері жағдайдың күрделілігін ескере отырып, арнайы комиссия құру туралы шешім қабылдады. Жақын күндері сала басшыларының қатысуымен мұнай қалдықтары төгілген аумаққа арнайы шығу жоспарланып отыр. Бұл мәселе кейін кеңейтілген құрамда қайта қаралатын болады.

Сондай-ақ келесі отырысқа полиция департаментінің тергеу басқармасы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерін шақыру ұсынылды. Жиын қорытындысы бойынша хаттамалық шешім қабылданып, оның орындалуы «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалының бақылауына алынды.

Ұқсас жаңалықтар

АРЫС: ЖАҚЫН ЖЫЛДАРЫ ЖАҢА 165 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ

Redaktor Arysinfo

Түркістанда өңіраралық AI Хакатонның жеңімпаздары анықталды

berdaly_oraz

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «КЕЛЕШЕК МЕКТЕПТЕРІ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА 16 МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Redaktor Arysinfo