Сарыағаш қаласында өткен кездесуде аудан әкімі Арман Абдуллаев тұрғындар алдында 2025 жылы атқарылған жұмыстарды саралап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты негізгі көрсеткіштерді жария етті. Сонымен бірге алдағы кезеңге межеленген жоспарлар таныстырылып, жиын барысында көтерілген сауалдарға нақты түсіндірмелер берілді. Сала жетекшілеріне бірқатар тапсырма жүктеліп, жобалардың кезең-кезеңімен іске асырылып жатқаны айтылды.
Басқосуда аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы да есеп беріп, бір жыл ішінде жүзеге асқан бастамаларға тоқталды.
Өткен жылы қалада инфрақұрылым мен әлеуметтік бағыттағы бірқатар маңызды жобалар аяқталды. Көгалдандыру жұмыстары күшейтіліп, гүлдер мен аршалар отырғызылды, жасыл аймақтар жаңартылды. Республикалық маңызы бар А-15 автожолы бойына қоршау екпелері егілді. Шәмші гүлзары маңындағы жатақхана ауласында балалар ойын алаңы салынып, толық пайдалануға берілді. Сонымен қатар жатақхананың кәріз жүйесі мен санитарлық тораптары жаңғыртылды.
Қаладағы 28 көшеге түнгі жарық шамдары орнатылды. Бірқатар көшелерде балалар ойын және спорт алаңшалары салынды. М.Мақатаев көшесінде воркаут алаңы ел игілігіне тапсырылды. Телемұнара, Қазына, Ы.Алтынсарин, С.Мұқанов және Б.Ермеков көшелерінде жаяу жүргіншілер жолы төселді. А-15 автожолы мен Әйтеке би көшесінің қиылысында қоршау жұмыстары жүргізілді. А.Тоқаев көшесі абаттандырылып, Нұр-Қыран және Тамшыбұлақ көшелерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды.
Қала аумағындағы 2500 тұрғын үйге QR-код пен аншлаг орнату шаралары жалғасуда. А.Омаров және Майлықожа көшелеріне ауыз су жүйесі тартылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында жүктеген міндеттерге сәйкес, Сарыағаш ауданында көпбейінді аурухана мен перзентхана құрылысы басталды. Сонымен қатар Жас буынды дамыту орталығы салынып жатыр. Президент бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында қалада жаңа білім ордасын ашу жоспарланған.
Самал-3 шағын ауданындағы жаңа тұрғын үйлерді ауыз сумен қамту үшін республикалық бюджет пен Ұлттық қордан 800 млн теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстарын «Сарыағаш Аман» ЖШС жүргізуде. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес баспанаға мұқтаж азаматтар алты санат бойынша кезекке тіркелген. Кезекте тұрғандарды кезең-кезеңімен тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылы 48 кредиттік пәтер сатып алынып, оларды биыл тапсыру көзделіп отыр.
«Сарыағаш топтастырылған су жүйесі» өндірістік бөлімшесі Б.Ермеков көшесінде 2961 метр ауыз су құбырын жаңартып, 23 су есептеу жәшігін және 10 құдықша орнатты. Қаланың санитарлық тазалығын сақтау үшін әр сенбі сайын мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің қатысуымен сенбілік өткізіліп келеді.
2026 жылға арналған жоспар да ауқымды. Шымкент–Шыназ бағытындағы А-15 автожолы бойын абаттандыру және көгалдандыру көзделген. Қалада қосымша 8 балалар ойын алаңы, 1 воркаут және 2 спорт алаңшасын орнату жоспарланып отыр. Сондай-ақ бірқатар көшелерде түнгі жарықтандыру жүйесі жүргізіліп, Самал-3 шағын ауданында сумен жабдықтау құрылысы жалғасады.
Жалпы, Сарыағашта қолға алынған жобалар әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтуға, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
