Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Мұрат Қадырбек пен Алишер Сатвалдиев Сарыағаш ауданына жұмыс сапарымен келіп, Қабланбек ауылдық округінде орналасқан «Жабай ата» шаруа қожалығының жылыжай кешенін аралады. Делегацияны аудан әкімі Арман Абдуллаев қарсы алып, өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар мен ауыл шаруашылығын дамыту бағыттары жөнінде кеңінен мәлімет берді.
Сапар барысында сенаторлар жылыжайдың өндірістік үдерісімен танысып, еңбек ұжымымен әңгімелесті. Халық қалаулылары жобаның ауыл шаруашылығы үшін маңызын атап өтіп, қолға алынған істің нәтижелі екенін жеткізді. Сондай-ақ кәсіп иелеріне алдағы жоспарларын сәтті жүзеге асыруға тілектестік білдірді.
Аталған шаруашылықта тропикалық аймаққа тән лимон дақылы жергілікті климатқа бейімделіп, тұрақты өнім беріп отыр. Үш жыл бұрын отырғызылған лимон көшеттері бүгінде толық жеміс кезеңіне енген. Шаруашылық өкілдерінің айтуынша, алғашқы кезеңде жердің сапасын жақсарту үшін қияр мен қызанақ өсіріліп, топырақ тұзданудан тазартылған.
Қазіргі таңда жылыжай кешенінің 7 гектар аумағында лимон ағаштары өсірілуде. Жиналған өнім негізінен ішкі нарыққа бағытталып, отандық тұтынушыларды қамтамасыз етуде. Сонымен қатар бұл өндіріс орны 80-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр, бұл ауыл тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік қолдау болып отыр.
