Түркістан облысында ауылдық жерлердің инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Солардың бірі – Сарыағаш ауданының Жемісті ауылдық округінде ашылған жаңа нысандар. Мұнда тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған шағын футбол алаңы мен балалар ойын алаңшасы ел игілігіне пайдалануға берілді.
Ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімі Арман Абдуллаев ауылдық нысандардың сапалы қызмет етуі үшін оларды ұқыпты пайдалану және күтіп ұстау қажеттігін атап өтті. Ол жауапты мекемелерге осы бағыттағы жұмысты жүйелі жүргізуді тапсырды.
Инфрақұрылымды дамыту тек ойын және спорт алаңдарымен шектелмейді. Тың елді мекенінде де жол жөндеу жұмыстары қарқынды атқарылды. Ақбастау көшесіне орта жөндеу жүргізіліп, сапалы асфальт төселді. Жөндеу жұмыстары қазан айында толық аяқталған. Бұл жобаның мердігері – «Artd Grup» ЖШС, ал тапсырыс беруші – Сарыағаш аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі.
Қазан айының соңына қарай Тың елді мекенінде салынған футбол және балалар ойын алаңшалары пайдалануға берілді. Жаңа нысандар ауыл жастарының спортпен айналысуына, балалардың бос уақытын қауіпсіз әрі қызықты өткізуіне мүмкіндік туғызды.
Жергілікті тұрғындар бұл игі істің ауыл өмірін жандандырып, спорттық және мәдени белсенділікті арттыратынын айтады.
