Сенаторлар Арыстағы өндіріс орындарының әлеуетін бағалады

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Мұрат Қадырбек пен Алишер Сатвалдиев, сондай-ақ облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбіш Арыс қаласына жұмыс сапарымен келіп, бірқатар өндірістік нысандардың тыныс-тіршілігімен танысты. Сапар барысында халық қалаулылары еңбек ұжымдарымен және қала зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, өңірдің даму бағыттарын талқылады.

Алдымен делегация Арыс–Шардара автожолы бойында салынып жатқан өндірістік паркке барды. Жалпы аумағы 1,44 гектарды қамтитын бұл аймақта қазір алты бірдей өндірістік ғимараттың құрылысы басталған. Әр нысанның аумағы 480 шаршы метрді құрайды. Инфрақұрылым тарту жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр: электр желісі қосылған, кәріз жүйесі мен ауызсу скважинасы дайын, ал газ желісін тарту жалғасуда. Болашақта мұнда термопанель, пластик есік-терезе, жиһаз өндіру, түйе сүтін өңдеу және газ есептегіш құралдар шығару сынды жобаларды іске асыру жоспарланған.

Сенаторлар сондай-ақ қала орталығындағы «Арай» өндірістік кооперативіне барып, аяқ киім шығаратын цехтың жұмысымен танысты. 1994 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын жылына 20 мың жұпқа дейін аяқ киім өндіруге қауқарлы. Кәсіпорын биыл айналым қаражатын толықтыру үшін жеңілдетілген несие алып, өндіріс көлемін тұрақты ұстап отыр.

Іссапар «Ардагерлер үйінде» өткен кездесумен қорытындыланды. Мұнда сенаторлар мәслихат депутаттарымен және қоғам өкілдерімен бас қосып, әлеуметтік-экономикалық даму, кәсіпкерлікті қолдау, инфрақұрылымды жетілдіру мәселелерін талқылады. Халық қалаулылары айтылған ұсыныстар назарға алынып, тиісті деңгейде қарастырылатынын жеткізді.

Ұқсас жаңалықтар

«ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕ МӘРТЕБЕСІ ТУРАЛЫ» ЗАҢ ЖОБАСЫ ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНДЕ БІРІНШІ ОҚЫЛЫМДА ҚАБЫЛДАНДЫ

Redaktor Arysinfo

Түркістан: Мақтаарал ауданы индустриясы қарқын алып келеді

berdaly_oraz

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЗАҢСЫЗ АЙНАЛЫМНАН 1 ТОННАДАН АСТАМ ЕСІРТКІ ЗАТТАРЫ ТӘРКІЛЕНДІ

berdaly_oraz