Түркістан облысында өндірістік әлеуетті арттыру және инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, өңірдегі барлық аудан мен қалада жаңа өндіріс орындарын ашуға басымдық беріліп отыр.
Осы мақсатта Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев шетелдік инвесторлармен кездесу өткізді. Кездесу барысында қытайлық компания өкілдері ауыл шаруашылығына арналған тамшылатып суару жүйелерін өндіретін зауыт салу жөніндегі инвестициялық жобасын таныстырды. Ұсынылған жоба су ресурстарын үнемдеу технологияларын дамытуға және аграрлық сектордың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Келіссөз кезінде өндіріс орнын орналастыру үшін жер телімін бөлу, инженерлік инфрақұрылымға қосу, сондай-ақ жобаны жүзеге асырудың ұйымдастырушылық тетіктері кеңінен талқыланды. Аудан басшысы жауапты сала мамандарына аталған жобаны сүйемелдеу жұмыстарын жедел әрі сапалы жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар инвесторларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары таныстырылды. Атап айтқанда, салықтық жеңілдіктер, қаржылай қолдау құралдары және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу тетіктері бойынша толық ақпарат берілді. Жергілікті атқарушы орган жобаны іске асыру барысында қажетті құжаттарды рәсімдеу, инфрақұрылымға қосу және өндірісті іске қосу кезеңдерінде жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Кездесу соңында инвесторлар Шардара ауданының өндірістік мүмкіндіктерін оң бағалап, өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті. Тараптар алдағы уақытта бірлескен жұмыстарды жалғастырып, нақты өндірістік жобаларды іске асыруға уағдаласты.
Жоба іске асқан жағдайда жаңа жұмыс орындары ашылып, аудан экономикасының дамуына серпін бермек. Сонымен бірге агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті артып, су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдануға мүмкіндік туады.
Айта кетейік, 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Түркістан облысына 1,4 трлн теңге көлемінде инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 123 пайызға артқан. Өнеркәсіп саласында 57 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылған. Қазіргі таңда өңірде 20 индустриалдық аймақ пен «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істеп тұр. Аталған алаңдарда ондаған өндіріс жобасы іске қосылған.
