Шымкенттк әлеуметтік даму мен инфрақұрылымды жетілдіру бағытында нақты қадамдар жасалуда,деп жазады Arysinfo.kz.
2025 жылғы 5 мамырда Шымкент қаласы әкімдігінің аппарат мәжілісінде білім беру, дене шынықтыру, ономастика және денсаулық сақтау салаларындағы өзекті мәселелер қаралды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың төрағалығымен өткен жиында әлеуметтік маңызы бар жұмыстардың тиімді орындалуына баса назар аударылды.
Білім саласы: оқу жылының аяқталуы және жазғы демалыс жоспары
Білім басқармасының басшысы Гүлжан Сүлейменованың айтуынша, биылғы оқу жылы 23 мамырда аяқталады. 290 мектепте 271 мыңнан астам оқушы білім алуда. Аттестат тапсыру рәсімі дәстүрлі форматта өтеді. Сонымен қатар, 240 мыңнан астам оқушының жазғы демалысын ұйымдастыру бағытында кешенді жоспар бекітілген. Қала басшысы оқу орындарын уақытылы жөндеуден өткізу мен бюджетті тиімді пайдалану қажеттігін ескертті.
Бұқаралық спорт: инфрақұрылымды жетілдіру
Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мұрат Мықтыбеков қалалық деңгейдегі 61 спорттық шара жоспарланып отырғанын баяндады. Қалада жұмыс істейтін 35 спорт ұйымының әлеуеті бұқаралық спортты дамытуға бағытталған. Мемлекет меншігіне қайтарылған нысандарды қалпына келтіру — басты міндеттердің бірі.
Ономастика: тарихи атауларға басымдық беріледі
Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының мәліметінше, қалада 3545 көше бар. Оның 2444-і тарихи атаулармен, 1069-ы кісі есімдерімен аталады. Қала әкімі мағыналы әрі тарихи құндылықты сақтайтын атауларға басымдық беру қажеттігін баса айтты.
Денсаулық сақтау: бастапқы көмекті дамыту – басты назарда
Жиында аурулардың алдын алу, бастапқы медициналық-санитариялық көмекті жетілдіру бойынша жұмыстар да талқыланды. Бұл бағытта нақты іс-шаралар жоспары әзірленіп, орындау тетіктері қарастырылуда.
Аппарат мәжілісі барысында қала басшысы әр саладағы жауапты тұлғаларға жұмысты жүйелі үйлестіру, қоғамдық маңызы бар қызметтердің тиімділігін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.