Созақ ауданы облыстық рейтингте үздік үштікке кірді

 

Түркістан облысы әкімінің аппараты ғимаратында өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен әкімдіктің кеңейтілген алқа отырысында 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері сараланды. Жиында аудан-қала әкімдіктері мен облыстық басқармалардың қызмет тиімділігі кешенді түрде бағаланды.

Облыс бойынша арнайы бекітілген индикаторлар негізінде әзірленген рейтинг нәтижесінде Созақ ауданы үздік үштіктің қатарына енді. Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гүлфари Әжіметованың мәлімдеуінше, бағалау жүйесі 9 негізгі блок пен 97 индикатордан тұрады. Бұл тәсіл басқару сапасын арттырып, экономикалық көрсеткіштерді жақсартуға бағытталған.

Алқа отырысында Нұралхан Көшеров өткен жылы облыс экономикасында оң серпін сақталғанын атап өтті. Қысқа мерзімді экономикалық өсім 113,9 пайызды құрап, Түркістан облысы республика бойынша үшінші орынға көтерілген. Ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 1 226 млрд теңгеге жетіп, өсім 100,6 пайыз деңгейінде қалыптасты. Қуаңшылық пен жауын-шашынның аздығына қарамастан, облыс республикада ауыл шаруашылығы өнімін өндіру бойынша көш бастап отыр.

Өңір басшысы орындаушылық тәртіп пен халықпен кері байланыстың маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бекітілген индикаторларға қол жеткізбеген аудан-қала әкімдіктері мен басқармалардың 25 лауазымды тұлғасына тәртіптік шара қолданылған. «Мақсат – жазалау емес, нақты нәтижеге жету. Сондықтан әрбір көрсеткіштің толық әрі сапалы орындалуы қамтамасыз етілуі тиіс», – деді әкім.

Жиын барысында елімізде қолға алынған Конституциялық реформа да сөз болды. Жаңа Конституция жобасының азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтуге, мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға және құқықтық, әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталғаны атап өтілді.

Алқа отырысын қорытындылаған Нұралхан Көшеров аудан-қала әкімдері мен басқарма басшыларына 2026 жылға белгіленген индикаторларды орындауды жеке бақылауға алып, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру, инвестиция тарту және барлық салада жоғары нәтижеге қол жеткізу бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістанда заңсыз салынған 14 ғимарат сот шешімімен бұзылды

berdaly_oraz

«MIRAS» КЕҢЕСІ ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

berdaly_oraz

Түркістан облысында тұрғын үй құрылысы 7 жылда 3 есе өсті