Созақ ауданында ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту мақсатында ауқымды әрі жүйелі шаралар жүзеге асырылуда. Соның бір дәлелі – «Kaz Plem Zavod» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы өңірге асыл тұқымды ірі қара малдың әкелінуі. Атап айтқанда, аудан аумағына барлығы 1 474 бас «Калмық» тұқымды мүйізді ірі қара жеткізілген. Оның ішінде 1 245 басы – аналық мал, ал 229 басы – өткен жылы туған төлдер.
Шаруашылық иелігіндегі мал ауданның арнайы жер қорынан бөлінген Бетпақдала аймағындағы 5 мың гектар жайылымға орналастырылған. Бұдан бөлек, орман қоры жерінен 9 мың гектар жайылымды пайдалану жөнінде тиісті келісім жасалған. Қазіргі таңда мал басы толықтай тіркеуден өтіп, ветеринариялық бақылауға алынған.
«Kaz Plem Zavod» серіктестігі 2020 жылы Түркістан облысының Арыс қаласында құрылған. Кейін табиғи-климаттық ерекшеліктер мен жайылым мүмкіндіктерін ескере отырып, Бетпақдала аумағына қоныс аударып, асыл тұқымды ірі қара өсіру бағытын таңдаған. «Калмық» тұқымы шөл және шөлейт аймақтарға бейімділігімен, суыққа төзімділігімен және жоғары ет өнімділігімен ерекшеленеді.
Серіктестік төрағасы Мамытхан Әлімханұлының айтуынша, алдағы кезеңге нақты жоспарлар белгіленген.
– Бұл істі 2020 жылдан бері жүйелі түрде дамытып келеміз. Қазіргі таңда барлық мал аудан бойынша заңды түрде тіркелді. Биыл мал басын тағы 1 500 басқа арттыруды көздеп отырмыз. Асыл тұқымды ірі қара Ресей Федерациясының Бурятия Республикасынан әкелінді. Алдағы уақытта аналық мал санын көбейтіп, аталықтарын 4 жасқа толған соң экспортқа шығару жоспарда бар. Сонымен қатар, жыл басынан бері ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін 10 365 келі тірі салмақта ет өнімін саттық, – деді ол.
Бұл жобаның жүзеге асуы Созақ ауданында мал шаруашылығының дамуына серпін беріп, ет өндірісінің көлемін арттыруға және өңірдің аграрлық әлеуетін күшейтуге оң әсерін тигізіп отыр.
