ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: ТАЗАЛЫҚТЫ САҚТАУ – КҮНДЕЛІКТІ ӨМІР САЛТЫНА АЙНАЛУЫ ТИІС

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Сарыағаш ауданында сенбі сайын кең көлемді тазалық жұмыстары ұйымдастырылып келеді. Іс-шаралар жүйелі түрде өткізіліп, аудан аумағының экологиялық жағдайын жақсартуға айтарлықтай үлес қосуда.

 

Бүгінгі сенбілікте республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар тасжолдардың бойы, елді мекендердің ішкі көшелері мен қоғамдық аумақтарда ауқымды тазарту жұмыстары жүргізілді. Таңертең басталған шараға аудан әкімі Арман Абдуллаев, 13 ауылдық округ пен қалалық әкімдік, мемлекеттік мекемелер, бөлімдер және жастар ұйымдары белсенді түрде қатысты.

 

Аудан басшысы сенбілік барысында тұрғындарды экологиялық мәдениетке шақырып, бастаманың маңызын ерекше атап өтті:

 

«Мемлекет басшысының бастамасын қолдау және аудан тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында тазалық жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Қоршаған ортаны қорғау – әрбір азаматтың борышы. Тазалықты сақтау — күнделікті өмір салтымызға айналуы тиіс. Туған жеріміздің тазалығы өзімізге байланысты. Баршаңызды „Таза Қазақстан“ бағдарламасына белсенді атсалысуға шақырамын», – деді Арман Абдуллаев.

 

Сондай-ақ аудан әкімі қала аумағын аралау барысында кәсіпкерлер арасында санитарлық талаптарды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтуді қала әкімдігіне тапсырды. Тиісті бөлім басшыларына сенбілік ұйымдастыруды жүйелі түрде жетілдіру міндеттелді.

 

Сенбілік барысында бейберекет тасталған қоқыстар жиналып, жабайы шөптер шабылды, қураған ағаш бұтақтары кесілді және арық-атыздар тазартылды. Барлық жұмыстар ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталды.

 

«Таза Қазақстан» бастамасының негізгі мақсаты – тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатты аялау құндылықтарын насихаттау, сондай-ақ «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты негізінде азаматтық жауапкершілік пен отансүйгіштікті арттыру.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістандық әлем чемпионы туған жерге оралды

Президент Шымкенттегі «Тассай» индустриалды аймағында болды

berdaly_oraz

ЕҢБЕК АДАМЫ — ЕЛ ЫРЫСЫ

Redaktor Arysinfo