Тазалық — иманның жартысы. Арыстық ардагер үндеу жасады!

Қадірлі арыстықтар!
Қасиетті Рамазан айы – тек ораза ұстап, құлшылық жасайтын уақыт қана емес, бұл – жүректі тазарту, ниетті түзеу, сауапты іс жасау айы. Халқымыз «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Осындай берекелі шақта әрқайсымыз туған қаламыздың көркеюіне үлес қосуымыз – азаматтық парызымыз.
Арыс – баршамыздың ортақ үйіміз. «Туған жерге туың тік» дегендей, кіндік қанымыз тамған қасиетті мекеннің тазалығы мен көркіне жауапкершілікпен қарау – әр тұрғынның міндеті. Қала тазалығы – мәдениеттің айнасы. Тазалық бар жерде – береке, бірлік бар жерде – тірлік бар.
Осы орайда, Рамазан айында қаланы абаттандыру, сенбілік жұмыстарын ұйымдастыру, көшелер мен аулаларды тазарту, қоғамдық орындарды ретке келтіру – сауапты әрі өнегелі іс. Әр тал отырғызылған ағаш – болашаққа жасалған инвестиция, ұрпаққа қалдырған аманат. Қазақ «Бір тал кессең, он тал ек» деп бекер айтпаған. Табиғатты аялау – имандылықтың белгісі.
Қаланы көгалдандыру мен ағаш егу жұмыстары – экологиялық тұрғыдан ғана емес, рухани тұрғыдан да маңызды. Бүгін еккен көшет ертең саялы баққа айналып, ұрпағымызға сая болары сөзсіз. Бұл – игі дәстүрдің жалғасы, елге деген жанашырлықтың көрінісі.
Құрметті жерлестер!
Баршаңызды қасиетті айда сауапты іске үлес қосып, сенбілік жұмыстарына белсенді қатысуға, қала тазалығына жанашырлық танытуға және ағаш отырғызу акцияларына атсалысуға шақырамын. Бірлікпен атқарылған іс – берекелі болады.
Рамазан айы баршамызға рухани тазару, жүрекке мейірім, шаңырағымызға амандық пен ырыс әкелсін!
Қаламыз көркейіп, гүлдене берсін!
Назаров Ізбасар,
Түркістан облысының «Құрметті ақсақалы»,
Арыс қаласының «Құрметті азаматы»

Ұқсас жаңалықтар

Түлкібаста шетел азаматы шұңқырға құлап жарақат алды

ТАНЫМАЛ ӘНШІ ТӨРЕҒАЛИ ТӨРӘЛІ РЕФЕРЕНДУМДА ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ

Redaktor Arysinfo

Жетісайдың алғашқы қауындары Ресейге жөнелтілуде

berdaly_oraz