Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласындағы өңірлік ынтымақтастықты күшейтудің маңызын атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан жасанды интеллектінің тұтас экожүйесін қалыптастыру бағытында нақты қадамдар жасап келеді. Елде «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданып, Digital Qazaqstan стратегиясы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар суперкомпьютер кластерлері іске қосылып, халықаралық Alem.ai орталығы жұмысын бастады.
Осы мүмкіндіктерді ескере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері арасында жасанды интеллект бойынша серіктестік құруды ұсынды. Оның аясында мемлекеттердің ғылыми орталықтары, жоғары оқу орындары мен технологиялық компаниялары өзара тәжірибе және ақпарат алмасатын болады.
Президент сонымен бірге жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапкершілікпен қолданудың маңыздылығына тоқталды. Нейрожелілердің қарқынды дамуы жаңа мүмкіндіктермен қатар, бірқатар тәуекелдерді де туындатып отырғанын атап өтті.
Осыған байланысты Қазақстан Орталық Азия елдері мен Әзербайжан арасында жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану туралы декларация әзірлеуді ұсынды.
Тоқаевтың пікірінше, аса маңызды технологияларды бақылауға қатысты ортақ тәсілдерді қазірден қалыптастыру қажет. Бұл бастама өңір елдерінің цифрлық қауіпсіздігін күшейтіп, жасанды интеллектіні тиімді әрі жауапты дамытуға жол ашпақ.
