Түркістан облысында қолға алынған «Түнгі кітапхана» жобасы Бәйдібек ауданында өз жалғасын тапты. Бұл жолы жоба аясындағы әдеби кеш қазақ поэзиясының жарқын өкілі, жас талант иесі Мұқағали Кенжетайұлының шығармашылығына арналды. «Жүрегімде миллиондардың тағдыры» атты кешке зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары, ақын-жазушылар мен ақынның жақындары қатысып, жыр әлеміне саяхат жасады.
Әдеби жиынның шымылдығы Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев пен Бәйдібек ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиевтің құттықтау сөздерімен ашылды. Олар ақынның шығармашылығына тоқталып, жастарды ұлттық құндылықтарды дәріптеуге шақырды. Сондай-ақ кеш иесінің ата-анасы мен ел ағалары жүрекжарды лебіздерін білдіріп, ақ батасын берді. Шараның модераторы болып айтыскер, мәдениет қайраткері Айдар Сейдазым тізгін ұстады.
Кеш барысында поэзия сүйер қауымға түрлі мазмұнды бағдарламалар ұсынылды. Жастар аллеясында арнайы дайындалған көрме-инсталляция көпшіліктің назарына ұсынылып, Мұқағали Кенжетайұлының жеке шығармашылық жолынан сыр шертті. Ақын өзі өлеңдерінің тарихын баяндап, жүрегінен туған туындыларын оқып берді.
Бәйдібек аудандық мәдениет үйінің әртістері ақын өлеңдерінен құралған театрландырылған композицияны сахналады. Ал «Конгресс холл» кешенінің әншілері Сүндет Асан мен Нұрдәулет Әшімхан ақын сөзіне жазылған «Түбінде жеңесің» әнін орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Сонымен қатар кеш барысында Мұқағали Кенжетайұлы жырларына жазылған тағы бірнеше ән шырқалды. Жаңа туындылардың қатарында композитор Ғабит Шырынбековтің «Қызыма» атты әнінің тұсауы кесілді.
Шараның әсерлі тұстарының бірі – әдебиет пен өнерді тоғыстырған сахналық қойылымдар мен музыкалық номерлердің үйлесімі болды. Кешке жиналғандар жас ақынның шынайы талантына тәнті болып, поэзияның шексіз мүмкіндіктерін сезінді.
Айта кетейік, «Түнгі кітапхана» жобасы алғаш рет Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының бастамасымен қолға алынған еді. Жоба қалың оқырманды кітап пен өнерге жақындатуды, жас таланттарға қолдау көрсетуді мақсат етеді. Былтырдан бері бұл жоба тұрақты түрде өткізіліп келеді және аймақтағы аудан-қалаларда да жалғасын табуда. Әрбір шара белгілі бір қаламгердің шығармашылығына арналса, бұл жолғы кеш Мұқағали Кенжетайұлының өнер жолына арналды.
Әдебиетке құштар қауым үшін мұндай жобалар – рухани азық қана емес, сонымен бірге ұлттық мәдениетті жаңғыртудың тың жолы. Бәйдібектегі кеш соның айқын дәлелі болды.
