Туризм десе, көз алдымызға бірден тарихи кесенелер мен көне қалалар елестейді. Ал Түркістан облысының ең үлкен туристік мүмкіндігі көп жағдайда назардан тыс қалып келген ауылдарда жатыр. Табиғаты, тарихы, ұлттық тағамы, қолөнері мен салт-дәстүрі сақталған ауылдар енді турист үшін жаңа бағытқа айналуы мүмкін.
Бүгінде өңірде осы мүмкіндікті нақты экономикалық ресурсқа айналдыруға басымдық беріліп отыр.Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің айтуынша, туризмді дамыту тек жаңа нысандар салумен шектелмеуі тиіс. Әр ауылдың өзіндік ерекшелігі туристік өнімге айналуы қажет.
Бұл – бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, ауыл экономикасына айтарлықтай серпін беретін бағыт. Ең алдымен – жергілікті халық. Турист ауылға келгенде тек табиғатты тамашалап кетпейді. Ол тамақтанады, қонақүйге орналасады, жолақы төлейді, сувенир сатып алады, гид қызметін пайдаланады.
Демек, бір туристің сапары бірнеше адамның табысына айналуы мүмкін.
Бірі ұлттық тағам дайындайды. Бірі киіз үй тігіп, этноауыл ұйымдастырады. Екіншісі қолөнер бұйымдарын ұсынады. Тағы бірі қонақүй ашады.
Туризм дамыған ауылда жаңа жұмыс орындары ғана емес, жаңа кәсіптер де пайда болады.
Түркістан облысында тарихи-мәдени мұраны туристік айналымға енгізуге де ерекше көңіл бөлінуде.
«Pana Asia» ЖШС өңірде бірқатар жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырып отыр. Соның бірі – Ақмешіт – Ишан базар тарихи-архитектуралық кешенін мешіт, музей, кітапхана және мәдени-ағартушылық орталықты біріктіретін заманауи рухани кеңістікке айналдыру.
Шаяндағы Аппақ Ишан медресесін де білім мен руханиятты ұштастыратын орталық ретінде дамыту көзделуде.
Мұндай жобалардың маңызы – тарихи нысанды тек сақтап қалу емес, оны бүгінгі турист үшін қызықты әрі мазмұнды бағытқа айналдыру. Өңірдің туристік әлеуетін арттыруда тау туризмі де маңызды орын алады.
Қасқасу мен Сайрам-Өгем бағыттарында визит-орталықтар, этно-кофейнялар, демалыс орындары мен автотұрақтар салу жөніндегі жобалар пысықталуда.
Бұл жерлер турист үшін жай ғана табиғатты тамашалайтын орын емес, жергілікті мәдениетпен, ұлттық тағаммен және ауыл өмірімен танысатын жаңа кеңістікке айналмақ.
Отырарда визит-орталық, кітапхана, қонақ үй және глэмпингтерден тұратын кешен құру жоспарланса, Кентау маңындағы Хантау аумағында отбасылық және белсенді демалысқа арналған жаңа бағыт қалыптастыру көзделуде.
Түркістан үшін ендігі мәселе – турист санын көбейтумен қатар, оның өңірде қанша уақыт аялдайтынында. Бір күн келіп, кесенені көріп қайтқан турист пен бірнеше күн бойы облыстың бірнеше ауданын аралаған туристің экономикалық пайдасы екі түрлі.
Сондықтан Түркістан қаласынан басталып, Отырар, Сайрам-Өгем, Қасқасу, Төлеби, Кентау және басқа да бағыттарды қамтитын бірыңғай туристік маршруттар қажет.
Турист бір өңірге келгенде бір ғана нысанды емес, тұтас Түркістанды сезінуі керек.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров туризмді өңір экономикасының маңызды драйверлерінің бірі ретінде қарастыратынын атап өтті.
Өйткені туризм дамыса, қонақүй мен тамақтану орындары ғана емес, көлік, сауда, қызмет көрсету, қолөнер секілді көптеген сала қатар дамиды.
Сондықтан ауыл туризмі – жай ғана демалыс ұйымдастыру емес.
Бұл – ауылға ақша әкелетін, кәсіп ашуға мүмкіндік беретін, жастарға жұмыс беретін және жергілікті мәдениетті сақтайтын жаңа экономикалық бағыт.
Түркістанның туристік болашағы тек қаланың орталығында емес. Оның ең үлкен мүмкіндігі – ауылдың табиғатында, тарихында және адамында.
Ендігі міндет – сол мүмкіндікті көре білу және туристке көрсете білу.
