Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев «AMANAT» партиясының облыстық филиалы ғимаратында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, тұрғындардың өтініштерін мұқият тыңдады. Қоғамдық қабылдауға партияның облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев те қатысты.
Қабылдауға келгендер жұмыспен қамту, білім және денсаулық саласындағы өзекті мәселелерді көтерді. Мысалы, мамандығына сай тұрақты жұмысқа орналасу, білім саласындағы әділетсіздік, тұрғын-үй кезегінің баяулығы, инватаксиге қаржы бөлінбеуі сияқты шағымдар айтылды. Сонымен қатар, әлеуметтік көмекке мұқтаж жандар да өтініштерін жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасары әр тұрғынның мәселесін тыңдап, заң шеңберінде түсініктеме берді. Ол айтылған шағымдардың назардан тыс қалмайтынын, әр сұрақ бойынша тиісті басқармалар мен бөлімдерге нақты тапсырмалар берілетінін және олардың орындалуы бақылауға алынатынын атап өтті.
Партияның облыстық филиалы төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев көтерілген мәселелердің қоғамдағы өзекті түйткілдерді көрсететінін атап, барлық өтініштер тиісті органдарға жолданып, жауапсыз қалмайтынын айтты.
