ТҮРКІСТАН: АУТИЗМ СПЕКТРІ БҰЗЫЛҒАН БАЛАЛАРҒА КӨМЕК ЖҮЙЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

 

Түркістан облысында аутизм мәселесі кең көлемде талқыланды. «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңестің отырысына облыстық мәслихат депутаттары, салалық басқармалардың басшылары, психологиялық қолдау орталықтары мен арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының мамандары қатысты. Кездесудің басты мақсаты – аутизм спектрі бұзылған балаларға көрсетілетін көмек пен қолдау тетіктерін жетілдіру.

Қалыйма Жантөреева балалардың даму ерекшеліктерін ескерудің маңызын атап, облыс бойынша аутизмі бар балалар санының артып келе жатқанын хабарлады. Ол ерте диагностика, педагогикалық және медициналық қолдаудың жүйелі болуы, ерекше балаларды қоғамға бейімдеу – бәріміздің ортақ міндетіміз екенін айтты. Кеңес төрағасы Жанар Темірбекова мәселеге қоғамдық назар аудару қажеттігін, мамандардың нақты шешім жолдарын қарастыруы маңызды екенін жеткізді.

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Төлепов соңғы үш жылда аутизм диагнозымен тіркелген балалар саны 54-тен 169-ға дейін өскенін хабарлады. Жалпы аурушандық көрсеткіш бес жылда 152 жағдайдан 437-ге жеткен. Биылдан бастап психикалық денсаулық орталығында 29 бала емделіп жатыр. Облыста 10 ПМПК, 17 түзету кабинеті жұмыс істейді, 207 бала ПМПК арқылы қолдау алып отыр. Дәрігерлерді ерте диагностика бойынша оқыту мен алдын алу шараларын жетілдіру жоспары таныстырылды.

Әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мүмкіндігі шектеулі балалар саны 15 мыңнан асқанын жеткізді. «Қамқорлық» орталығы аутизмі бар балаларға кешенді көмек көрсетеді: медициналық, психологиялық, педагогикалық, мәдени және әлеуметтік бағыттар қамтылған. Орталық жабдықтары шетелден әкелінген және желтоқсан айында ашылады.

Білім басқармасы өкілі Ғалия Жанаева ерекше балаларды білім алу және әлеуметтендіру деңгейі туралы баяндады. Мамандар логопед, дефектолог, аватерапевт қызметіне сұраныстың жоғары екенін, кадр тапшылығы мен төмен жалақы мамандар тартуға кедергі келтіретінін атап өтті. Түлкібас ауданынан келген дәрігер Аягөз Қалдыбек аутизмді ерте анықтау көрсеткішінің соңғы жылда 70 пайызға артқанын айтты, арнайы әзірленген диагностикалық алгоритмі таныстырылды.

Кеңес төрағасы алгоритмді жетілдіру үшін университет оқытушыларына нақты тапсырмалар жүктейтінін хабарлады. Медицина және педагогика мамандығы студенттері ғылыми зерттеулерінде аутизм тақырыбын қарастырады, журналистика кафедрасы ақпараттық бейнеролик дайындайды, жасанды интеллект лабораториясы алдын алу платформасын әзірлейді.

Түлкібас аудандық филиал төрағасы Ержан Жүнісов ата-аналардың жеке орталық қызметіне жүгінетінін, бірақ бағаның жоғары болатынын, кейбір ата-ананың диагнозды қабылдамай жасыратынын айтты. Отырыста аутизмді тәрбиелеп отырған ана баласының қоғамға бейімделуі үшін күрескенін және нақты шаралардың қажеттігін айтты.

Қорытындысында Қалыйма Жантөреқызы көтерілген мәселелердің өзектілігін атап, ұсыныстарды хаттамаға енгізіп, партия тарапынан тұрақты бақылауға алынатынын хабарлады.

Ұқсас жаңалықтар

Өңірде ерекше қажеттіліктері бар жандарға қолайлы жағдай жасалуда

Шымкенттегі балабақшада бүлдіршіндерді соққыға жыққан тәрбиеші қамалды

ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: САРЫАҒАШТА СЕНБІЛІК ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

berdaly_oraz