ТҮРКІСТАН: «ДАРБАЗА – МАҚТААРАЛ» ТЕМІРЖОЛ ЖЕЛІСІ БОЙЫНША ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ МЕН НЕГІЗГІ МІНДЕТТЕР ПЫСЫҚТАЛДЫ

Түркістан облысында стратегиялық маңызы бар «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы жоспарға сай жалғасуда. Жобаны толық іске қосу 2026 жылдың желтоқсан айына межеленген. Құрылыс барысы облыс басшылығының тұрақты бақылауында.

Осыған орай облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның құрылыс жөніндегі басқарушы директоры Марат Исқалиевпен және жобаны жүзеге асырып жатқан «Integra Construction KZ» ЖШС өкілдерімен кездесті. Жиында атқарылған жұмыстардың қазіргі жай-күйі баяндалып, туындаған мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды.

Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың V отырысында аталған теміржол желісінің құрылысын белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде нақты тапсырма бергенін атап өтті. Осыған байланысты жауапты мекемелерге құрылыс қарқынын арттырып, жұмыстарды сапалы әрі уақтылы аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар аудандардағы теміржол станцияларының сәулеттік келбетін шығыс үлгісінде қайта қарау қажеттігін айтты.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ өкілдерінің мәліметінше, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда 9,1 млн текше метр жер қазу жұмысы аяқталып, 19,8 шақырымға рельсті-шпал торы төселген. Көпірлер мен өткелдер салу, су өткізу құбырларын жүргізу және басқа да жасанды құрылымдарды орнату жұмыстарына 560-тан астам жұмысшы мен 400-ге жуық арнайы техника жұмылдырылған.

Ұзындығы 172 шақырым болатын жаңа теміржол желісі Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарын байланыстырады. Бұл бағыт «Сарыағаш» өткізу пунктінің жүктемесін азайтып, өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ магистральдық көлік, кеден және шекаралық инфрақұрылымның дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады.

Жиын барысында жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына алу және сатып алу мәселелері де қаралды. Аудан әкімдері жобаны қысқа мерзімде іске асыру үшін атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Айта кетейік, «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісі Мемлекет басшысының 2023 жылғы Жолдауында белгіленген міндеттер аясында жүзеге асырылып жатыр. Жобаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.

Ұқсас жаңалықтар

Биыл мүгедектігі бар адамдар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 323 мыңнан астам қызмет алды

Президент Шымкентке келді

«Депутаттық сауалымның еш қатысы жоқ» Жигули Дайрабаев «Ауыл» партиясындағы қызметінен неге кеткенін мәлімдеді

berdaly_oraz