Түркістан облысы өндірістік әлеуетін күшейтіп, жаңа жұмыс орындарын құруға басымдық беріп келеді. Соның айқын дәлелі – «TURAN» арнайы экономикалық аймағында іске асырылып жатқан ауқымды инвестициялық жобалар. Жақында өткен баспасөз туры барысында журналистер бірнеше өндіріс нысандарының құрылысымен танысты.
Алдымен тілшілерге «PSI Mineral Technologies» ЖШС жұмысы таныстырылды. Бұл кәсіпорын тау-кен саласына қажетті жабдықтар шығарады. Жобаға 8,3 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Қазір құрылыс жұмыстарының алғашқы кезеңі жүріп жатыр. Өндіріс орны толық іске қосылғанда, өңірдің индустриялық дамуына серпін беріп, қосымша жұмыс орындарын ашатыны күтілуде.
Келесі нысан – «Kazakhstan Lihua» ЖШС тоқыма фабрикасы. Жалпы аумағы 44 гектарды алып жатқан кешенде құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Қазіргі таңда заманауи құрал-жабдықтар жеткізіліп, монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны 86,2 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын іске қосылған соң жылына 11 мың тоннадан астам тоқыма өнімдерін өндіреді. Айта кетерлігі, мұнда өндірістік цехтардан бөлек әкімшілік ғимараттар мен қызметкерлерге арналған тұрғын үйлер де салынып жатыр. Жоспар бойынша зауыт биылғы күзде жұмысын бастайды. Қазірдің өзінде жұмысшыларды іріктеу шаралары қолға алынған.
Баспасөз турының соңғы аялдамасы – «Qaz Natural Laminat» ЖШС. Мұнда жылына 120 мың шаршы метр ламинат шығаратын зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Жоба құны 5 млрд теңгеге жуық. Қазіргі таңда аумақты игеру, негізгі нысандарды тұрғызу және инженерлік инфрақұрылымды тарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл өндіріс орны іске қосылғанда, құрылыс нарығындағы импортқа тәуелділікті төмендетіп, отандық өнім үлесін арттырады.
Жалпы, «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асып жатқан жобалар облыс үшін стратегиялық маңызға ие. Мұнда индустрияландыру бағдарламасы аясында бірнеше бағытты қамтитын кәсіпорындар бой көтеруде. Жергілікті тұрғындар үшін бұл – жаңа жұмыс орындары, бюджетке қосымша кіріс және әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы деген сөз.
Түркістан облысы бүгінде тек аграрлық өңір ғана емес, сонымен қатар өнеркәсіп пен өндірісті қатар дамытып келе жатқан аймақ ретінде қалыптасып келеді. Инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалып, инфрақұрылымдық қолдау көрсетілуде. Сондықтан алдағы уақытта Түркістан өңірі тек республикалық деңгейде емес, аймақтық экономиканың маңызды орталықтарының біріне айналмақ.
