Түркістан қаласында облыс әкімі Көшеровтың төрағалығымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған маңызды жиын өтті

Түркістан қаласында облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған маңызды жиын өтті. Мәжілісте қала мен облыстың қазіргі даму қарқыны жан-жақты сараланып, болашақтағы басым бағыттар айқындалды.

Әкімдік отырысында мемлекеттік бағдарламалардың орындалу деңгейі талқыланып, нақты көрсеткіштерге баға берілді. Әкім алдағы кезеңде атқарылар жұмыстардың тиімділігін арттыру үшін жауапты басшыларға жаңа міндеттер жүктеді.

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы өз баяндамасында Түркістанның даму қарқыны мен алдағы жоспарлар туралы кеңінен тоқталды. Сонымен бірге, басқарма басшыларының ұсыныстары тыңдалып, әр саладағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары қарастырылды.

📌 Облыс басшысы 2024-2030 жылдарға арналған экономикалық өсімнің жол картасын жүзеге асыруды жандандыруды тапсырды. Негізгі назар өндірістік инфрақұрылымды жетілдіруге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инвестициялық жобаларды іске асыруға аударылды. Туризмді дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, кіріс көздерін ұлғайту да басты бағыттардың қатарында болды.

«Түркістан – тек біздің өңірдің ғана емес, бүкіл түркі әлемінің рухани орталығы. Қаланың әлеуетін толық пайдаланып, халық үшін қолайлы жағдай жасау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Мемлекет басшысы бастаған «Таза Қазақстан» бағдарламасы жыл бойы тұрақты түрде жүзеге асырылып, қоршаған ортаны қорғау күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналуы тиіс», – деді Нұралхан Көшеров.

Соңғы жылдары Түркістанның даму көрсеткіштері айтарлықтай өскен. 2025 жылдың алғашқы жеті айында қала халқының саны 241,7 мыңнан асты. Жалпы өңірлік өнім 31,3%-ға артып, 272 млрд теңгеге жетті. Екі өндірістік аймақта жалпы құны 225 млрд теңгеден асатын 50-ден астам жоба жүзеге асырылып жатыр. Өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі 29,1 млрд теңгені құрап, 1500 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Әлеуметтік сала да назардан тыс қалмаған. Биыл 944 пәтер халыққа әлеуметтік баспана ретінде беріледі. Жеті айда 160,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қаладағы кәріз жүйесімен қамту деңгейі жыл соңына дейін 56,3%-ға жетіп, 2026 жылы бұл көрсеткіш 92%-ға дейін көтеріледі деп күтілуде.

Қоршаған ортаны абаттандыру бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазір Түркістанда 5 жаңа саябақтың құрылысы жүріп жатыр, 300 мыңнан астам ағаш отырғызылуда. Қаланы тазалауға 600 жұмысшы жұмылдырылып, 28 мың тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар, 33 көпқабатты үйдің қасбеті қалпына келтірілуде.

Түркістанның бүгінгі даму қарқыны өңірдің болашағы жарқын екенін көрсетеді. Қабылданған стратегиялық шешімдер қала тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға, жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталуда.

 

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан мен Шымкентте 48 адам рақымшылықпен бостандыққа шықты

САЙРАМДАҒЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІП: ҚОҒАМДЫ АЛАҢДАТҚАН МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРІЛДІ

berdaly_oraz

Арыста балаларға арналған «Бақытты балалық шақ» мерекелік шарасы өтті

berdaly_oraz