ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ КЕЗІНДЕ 5 МЫҢНАН АСА АҒАШ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

Қазығұрт ауданында экологиялық мәдениетті арттыру және табиғатты қорғау мақсатында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында жалпыхалықтық сенбілік өтті. Іс-шара барысында тазалық жұмыстары жүргізіліп, аудан аумағында жаппай ағаш отырғызу акциясы ұйымдастырылды.

Акцияға аудан әкімі Азизхан Исмаилов, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, ерікті жастар мен жергілікті тұрғындар қатысты. Олар табиғатты қорғауға және экологиялық мәдениетті нығайтуға өз үлестерін қосып, бірлесе тал отырғызды.

Аудан әкімі Азизхан Исмаилов сенбілік барысында сөйлеген сөзінде өңірдің экологиялық тепе-теңдігін сақтау мен тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырудың маңыздылығын атап өтті. «Таза Қазақстан» бағдарламасы сияқты бастамалар қоғамда экологиялық сана қалыптастыруға және табиғатқа ұқыпты қарауға жол ашатынын айтты.

Күзгі көгалдандыру науқаны аясында аудан орталығы мен ауылдық округтерде 5000 түп қарағаш және 25 түп терек ағашы отырғызылды. Бұл жұмыстардың барлығы ауданның экологиялық жағдайын жақсартуға және болашақ ұрпаққа таза әрі жасыл орта қалдыруға бағытталған.

Жалпы сенбілікке 1500-ге жуық адам атсалысып, көшелер мен қоғамдық аумақтарды қоқыстан тазартты, бұлақ көздерін ашып, ағаш көшеттерін суарды. Аудан тұрғындарының белсенділігі мен ынтымағының арқасында бұл шара өңірдің экологиялық келбетін жақсартуға нақты үлес қосты.

Ұқсас жаңалықтар

Сарыағашта  полиция сыныбы ашылды

berdaly_oraz

«Қазсушардың» Түркістан филиалының екі өндірістік учаскесінің басшылары жұмыстан уақытша шеттетілді

Түркістан: Төлебиде заңсыз құрылысқа қарсы күрес күшейді