ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТТА МАХАМБЕТ АУЫЛЫ ТОЛЫҚ ТӘУЛІКТІК АУЫЗ СУҒА ҚОСЫЛАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген халықты сапалы ауыз сумен қамту және ауыл инфрақұрылымын жаңғырту міндеттері Қазығұрт ауданында кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Осы бағыттағы жұмыстар аясында аудан әкімі Азизхан Исмаилов Сарапхана ауылдық округіне қарасты Махамбет елді мекеніндегі ауыз су жүйесінің қазіргі жағдайымен танысты.

Елді мекенді тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін «Таза су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны тарапынан арнайы ұңғыма қазу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 367 метр тереңдіктен сапалы ауыз су көзі анықталды. Бұл – ауыл тұрғындары үшін стратегиялық маңызы бар нысан.

Бұған дейін Махамбет ауылында ауыз су мәселесі өзекті болып келген. Тұрғындар суды шектеулі режимде тұтынуға мәжбүр болған. Сондықтан жаңа ұңғыманың іске қосылуы ауыл халқы үшін көптен күткен жаңалыққа айналды. Ауыл ақсақалдары мен тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылық білдіріп, ел игілігі үшін қолға алынған нақты қадамдарға оң бағасын берді.

Жоба аясында бірқатар қосымша инфрақұрылымдық жұмыстар атқарылмақ. Аудан әкімі жауапты сала басшыларына ұңғыма аумағын қоршау, су айдайтын насос орнату, ұзындығы 3 шақырым ауыз су құбырын тарту, электр желісін жүргізу және трансформатор орнату міндетін жүктеді. Сонымен қатар нысанды жарықтандыру мен өзге де техникалық жұмыстарды белгіленген мерзімде әрі сапалы орындау тапсырылды.

Жоспарланған шаралар толық аяқталған соң Махамбет елді мекені тәулік бойы үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң ықпал етеді.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысының бозбалалары әлем чемпионатынан қос медальмен оралды

Президент Шымкентке келді

САЙРАМДА ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ СЕНБІЛІК ӨТТІ

Redaktor Arysinfo