Түркістан қаласының қоғамдық көлік жүйесі жаңа автобустармен толықты. Бұл игі жаңалық Жұмысшы мамандықтар жылы аясында және Көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай өткізілген арнайы іс-шарада жария етілді.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы автопаркке қосылған жаңа автобустардың тұсаукесеріне қатысып, сала қызметкерлерімен кездесті. Ол көлік жүргізушілерінен бастап механиктерге дейінгі еңбек адамдарын ерекше атап өтіп, олардың қала тіршілігін қамтамасыз етудегі қажырлы еңбегіне алғысын білдірді. Ұзақ жылдар бойы еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерлерге марапаттар мен медальдар табыс етілді.
Салтанатты жиында «Жолаушы» ЖШС директоры Рахымжан Еркінов сөз сөйлеп, жаңа автобустардың техникалық мүмкіндіктерін таныстырды. Оның айтуынша, автопаркке қосылған 16 жаңа көлік қала тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Жыл соңына дейін тағы 10 автобус сатып алу жоспарланып отыр.
Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 190 қоғамдық көлік 21 бағытта қатынайды. Бұл бағыттарда 300-ге жуық жұмысшы еңбек етіп жүр. Жыл соңына дейін қосымша 60 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Қала әкімінің пікірінше, мұндай қадамдар тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттырып қана қоймай, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға да ықпал етеді.
«Күнделікті тіршіліктің басым бөлігі көлік қатынасына байланысты. Жүргізушіден бастап диспетчер мен кондукторға дейін – барлығыңыздың еңбектеріңіз елеулі. Сіздер таңнан кешке дейін қала тұрғындарының қауіпсіз әрі ыңғайлы қатынауын қамтамасыз етіп келесіздер. Сондықтан әрқайсыңызға алғыс айтамын. Ендігі міндет – автобустардың сапалы қызмет көрсетуін қамтамасыз ету», – деді Әзімбек Пазылбекұлы.
Жаңа автобустар заманауи талаптарға толық сай жасақталған. Оларда бейнебақылау камералары, кондиционерлер, электронды билет жүйесі бар. Мүгедек жандарға ыңғайлы болуы үшін арнайы пандустар орнатылған. Бұл – Түркістандағы қоғамдық көліктің заманауи стандарттарға бір қадам жақындай түскенін көрсетеді.
Іс-шараға Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сарсенбаев, «Жолаушы» ЖШС құрылтайшысы Рахым Көлбайұлы, сондай-ақ полиция басқармасының бастығы Жасұлан Қаржаубайұлы қатысып, сала қызметкерлеріне алғыс хаттар табыстады.
Түркістан соңғы жылдары қарқынды дамып, жаңа инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатыр. Жаңадан қосылған қоғамдық көліктер – тұрғындардың күнделікті тұрмысына ыңғайлы жағдай жасауға бағытталған нақты қадамдардың бірі. Мамандардың айтуынша, бұл бастама алдағы уақытта да жалғасып, қаладағы көлік қатынасы кезең-кезеңімен толық жаңартылады.
