Түркістан облысының әлеуметтік дамуына тың серпін беретін жаңа бастамалар талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева өңірде жүзеге асқан және алда іске асатын жобалар жайында кеңесті.
Соңғы үш жылда Түркістан өңірінде қор демеушілігімен өмірлік маңызы бар ондаған жоба жүзеге асты. Медициналық жабдықтар, сирек ауруларға дәрі-дәрмек, балалар нейрохирургиясын дамыту, генетик мамандарды даярлау — мұның бәрі нақты көмекке мұқтаж жандар үшін жасалып отыр. Қайырымдылық шаралары шала туған сәбилерден бастап, онкологиялық дертке шалдыққандарға дейінгі ауқымды қамтыды.
Білім беру саласында да елеулі нәтижелер бар: мыңдаған ауыл баласы грант иегері атанып, заманауи сыныптар мен робототехника кабинеттері ашылды. Балалардың жазғы демалысы, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған орталықтар, спорт залдары мен құрал-жабдықтар — барлығы өңірдің әлеуетін арттыруға бағытталған.
Кездесу барысында тараптар бірлесе жұмыс істеудің тиімділігін атап өтіп, серіктестікті одан әрі нығайтуға уағдаласты. Түркістан халқының алғысын жеткізген аймақ басшысы қормен бірлесе атқарылатын жұмыстар жалғасатынын айтты.
«Қолдауға мұқтаж әрбір азамат назардан тыс қалмауы тиіс. Түркістан — халық тығыз орналасқан өңір. Сондықтан бұл аймақта әлеуметтік жобаларға қолдау аса маңызды», — деді Ләззат Шыңғысбаева.