Түркістан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілуде

Түркістан облысына ресми сапармен келген Түркия Ұлы ұлттық мәжілісінің депутаты, «ӘК» партиясы Бас хатшысының орынбасары Зорлу Кюршад облыс әкімі Нұралхан Көшеровпен кездесті. Жиында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті тереңдету, бірлескен жобаларды кеңейту және экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.

 

Кездесу барысында өңір басшысы Қазақстан мен Түркияны тарихи, тілдік және мәдени жақындықтың біріктіретінін атап өтті. Ол Түркияның 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындағанын еске алып, бауырлас елдер арасындағы байланыс жыл өткен сайын күшейіп келе жатқанын жеткізді. Әкімнің айтуынша, Түркия – Қазақстанның сенімді серіктесі әрі ірі инвесторларының бірі. Сондықтан облыс әкімдігі түрік кәсіпкерлерінің жобаларын жүзеге асыруына қажетті қолдауды көрсетуге дайын.

 

Зорлу Кюршад Түркістан облысының даму қарқынына жоғары баға беріп, әлеуеті зор секторларда тәжірибе алмасуға және жаңа бастамаларды қолға алуға қызығушылық білдірді. Оның айтуынша, екіжақты серіктестік тек экономикалық емес, мәдени-гуманитарлық бағытта да маңызын жоймайды. Түркістан – бүкіл түркі дүниесі үшін қасиетті мекен, сондықтан мұнда бірлескен жобалардың жүзеге асуы символдық тұрғыдан да ерекше.

 

Соңғы жылдары өңірде түрік компанияларының қатысуымен бірнеше ірі жоба іске асырылды. Мәселен, Түркістан халықаралық әуежайын «YDA Holding» қысқа мерзім ішінде салып бітіріп, оны пайдалануға берді. Сондай-ақ «Керуен–Сарай» туристік кешені өңірге туристерді тартуда маңызды нысанға айналды. Бұған қоса, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті екі ел арасындағы білім және ғылым саласындағы көпір қызметін атқарып келеді.

 

Облыста инвесторларға арналған тиімді жағдай жасалғаны да атап өтілді. 20 индустриялық аймақ пен «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істеп тұр. Бұл аумақтарда инфрақұрылымы дайын жер телімдері, салықтық жеңілдіктер және өндірісті бастауға қолайлы жағдайлар ұсынылады. Сонымен қатар шағын өнеркәсіптік парктердің құрылуы жаңа жобаларды іске асыруды жеңілдетуде.

 

2024 жылы Қазақстан мен Түркия арасындағы өзара сауда айналымы 5 млрд АҚШ долларына жетті. Оның 87,5 млн доллары Түркістан облысының үлесіне тиесілі. Өңірдің экспорт көлемі импорттан жоғары болып отыр, бұл жергілікті кәсіпорындардың халықаралық нарыққа шығу мүмкіндігі ұлғайғанын көрсетеді.

 

Кездесу қорытындысында тараптар ортақ бастамаларды жалғастыруға, жаңа салалар бойынша серіктестікті кеңейтуге дайын екендерін айтты. Екі ел арасындағы достық пен өзара қолдау рухы Түркістанда өткен бұл жүздесуде тағы бір мәрте айқын көрінді.

Ұқсас жаңалықтар

Балаларға тегін ота жасау туралы заң қарастырылып жатыр

berdaly_oraz

Арыста ауыл кәсіпкерлігін қолдауға арналған семинар-кеңес ұйымдастырылды

berdaly_oraz

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов есін жиды – ота 4 сағатқа созылды

berdaly_oraz