2026 жылдың қаңтар айында грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында өткен Түркістан облысының чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті. Аймақтың түкпір-түкпірінен келген жас спортшылар бақ сынаған бұл жарыс жас буынның спортқа деген қызығушылығы мен бәсекелестігінің артып келе жатқанын көрсетті.
Облыстық біріншілік екі кезеңде өтті. Алғашқы кезең 8–10 қаңтар күндері Қазығұрт ауданының Рабат ауылында ұйымдастырылып, 2009–2011 жылы туған жасөспірімдер арасында өткізілді. Ал 16–18 қаңтар аралығында Шардара ауданында 2011–2013 жылы туған спортшылар өзара мықтыны анықтады.
Аталған чемпионатта Отырар аудандық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің грек-рим күресі бөлімінің тәрбиеленушілері табысты өнер көрсетіп, жүлделі орындардан көрінді. Нәтижесінде команда қоржынына 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль түсті.
Жекелей нәтижелер бойынша: – 55 келі салмақ дәрежесінде Қожамырза Рауан қарсыластарын сенімді жеңіп, чемпион атанды;
– 60 келіде Маханбет Дидар күміс жүлдеге қол жеткізді;
– 62 келіде Сүлеймен Әли, 57 келі салмақта Көпжасар Олжас қола медаль иегерлері атанды.
Бұл жетістіктер жас спортшылардың табанды еңбегі мен жүйелі дайындығының, сондай-ақ жаттықтырушы Сартаев Русланның кәсіби біліктілігінің нәтижесі екені анық. Жаттықтырушының шәкірттерге қойған талаптары мен дұрыс тактикалық бағыт-бағдары жарыс барысында өз жемісін берді.
Отырар аудандық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Ермек Қалашұлы Ташов спортшылар мен жаттықтырушылар құрамын облыстық чемпионаттағы табысты көрсеткіштерімен құттықтап, алдағы республикалық және халықаралық жарыстарда да жоғары нәтижелерге қол жеткізулеріне тілектестік білдірді.
Жас балуандардың бұл жеңісі – өңірде грек-рим күресінің қарқынды дамып келе жатқанының айғағы. Алдағы уақытта да отырарлық спортшылардың ел намысын абыроймен қорғап, биік тұғырлардан көріне беруіне негіз бар.
