ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ САУРАН АУДАНЫНДА ТАСҚЫНҒА ҚАРСЫ ДАЙЫНДЫҚТЫ ТЕКСЕРДІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданына жұмыс сапарымен барып, Байбайқорған ауылдық округіне қарасты Абай ауылындағы су тасқынының алдын алу шараларын қадағалады. Өңір басшысы жауапты мекеме өкілдерімен және ауыл тұрғындарымен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын пысықтады.

Бұған дейін нөсер жауын салдарынан Жаңақорған өзеніндегі шағын көпірге зақым келген. Дегенмен жергілікті әкімдік пен төтенше жағдайлар қызметінің жедел әрекеті нәтижесінде өзен арнасы кеңейтіліп, уақытша өткел ұйымдастырылды. Соның арқасында елді мекенде су басу қаупінің алды алынған.

Облыс әкімі өңірдегі барлық су нысандары тұрақты бақылауға алынғанын атап өтті. Оның айтуынша, су тасқыны кезеңіне дайындық шеңберінде аудан-қалаларға қосымша техника жеткізілген, жауапты құрылымдар тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырған.

– Су қоймаларын тиімді пайдалану мәселесін қарастыру қажет. Қыс-көктем мезгіліндегі еріген қар мен жауын суын жинап, оны ауыл шаруашылығында қолдану тетіктерін зерделеу керек. Нақты ұсыныстар беріңіздер. Биыл көпір жөнделеді, ал келесі жылы оны толық жаңарту жоспарланып отыр. Жағдай толық бақылауда, – деді Нұралхан Көшеров.

Абай ауылының тұрғындары тасқын қаупінің алдын алу бағытындағы жедел шаралар үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар елді мекенде салынып жатқан жаңа мектептің ауыл дамуына серпін беретінін айтып, туризмді дамыту және инфрақұрылымды жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.

Сауран ауданында қолайсыз ауа райына байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Аудан орталығында 2 жүк тиегіш, 2 жүк көлігі, 3 трактор, су сорғыш қондырғы, УАЗ автокөлігі мен микроавтобус кезекшілікке қойылған. Сондай-ақ 12 ауылдық округтің әрқайсысында бір-бірден трактор мен жүк көлігі дайындыққа келтірілген.

Теке елді мекенінде қосымша техника мен арнайы қызмет көліктері шоғырландырылды. Үш ауылды қамтитын жедел әрекет ету тобы құрылып, тәулік бойы бақылау жүргізілуде. Қазіргі таңда аудандағы ахуал тұрақты.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысында 1 мың шақырымнан астам жол мен көледе құрылыа-жөндеу жұмыстары жүріп жатыр

ТҮРКІСТАНДА ҰЛТТЫҚ ДОМБЫРА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН «ДОМБЫРА – ДАСТАН» ІС-ШАРАСЫ ӨТТІ

Redaktor Arysinfo

Шымкентте жаңа мектеп бой көтеруде: Тельман шағынауданындағы білім ордасы оқу жылына дейін пайдалануға беріледі

berdaly_oraz