Түркістан облысы Жетісай ауданына қарасты Асықата кентінде заманауи үстел теннисі орталығы пайдалануға берілді. Нысан «SPORT ASSET MANAGEMENT» қоғамдық бірлестігінің жеке инвестициясы есебінен салынған.
Спорт орталығының ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жоба өңірде бұқаралық спортты дамытуға бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, облыста спорт инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Биыл өңірде 112 спорт нысанының құрылысы басталып, соның 102-сі аяқталу сатысында. Қалған нысандар 2026 жылға өтпелі жоба ретінде жалғасады.
Жаңа орталық бір мезетте 200-ге дейін спортшыны қабылдай алады. Мұнда үстел теннисінен бөлек бокс пен күрес түрлерімен айналысуға мүмкіндік бар. Нысан халықаралық стандарттарға сай жабдықталған.
Іс-шара барысында ҚР Үстел теннисі федерациясының вице-президенті Елсияр Қанағатов елімізде бұл спорт түрінің дамып келе жатқанын айтып, Жетісайдағы орталықтан болашақта жоғары жетістіктерге жететін спортшылар шығатынына сенім білдірді.
Асықата кентіндегі 1 гектар аумақта орналасқан спорт кешенінің құны шамамен 1 млрд теңгені құрайды. Орталықта екі жаттығу залы, бокс рингі, күрес кілемдері, жатақхана мен асхана қарастырылған. Бұл нысанда республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге мүмкіндік бар.
Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, Жетісай ауданында спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Дереккөз: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
