Түркістан облысында қоғамдық тамақтану орындарына жүргізілген санитариялық бақылау нәтижесінде бірқатар заңбұзушылықтар анықталды. Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Бекболатұлы брифинг барысында хабарлады.
Соңғы үш жылда өңірде тағамнан уланудың 6 жағдайы тіркеліп, 200-ден астам адам зардап шеккен. Мамандар мұндай оқиғалардың қайталанбауы үшін жүйелі тексерулер мен алдын алу шараларын тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Биылдың өзінде Түркістан қаласындағы «Ямми Маки» фаст-фуд орталығына қатысты екі бірдей улану оқиғасы тіркелген. Алғашқы жағдай кезінде пицца, суши және тауық тағамдарын тапсырыспен алған 68 тұрғын денсаулығына зиян шеккен. Нысан жабылғанымен, жеке кәсіпкер заңды талапты елемей, қызметін жасырын түрде жалғастырған. Нәтижесінде сол мекенжайда тағы 14 адам тағамнан уланған.
Тексеру кезінде санитарлық нормалардың өрескел бұзылғаны анықталды. Қазіргі уақытта аталған тамақтану орнының жұмысы толық тоқтатылып, полиция тарапынан қылмыстық іс қозғалған.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірдегі 919 тамақтану нысаны профилактикалық тексеруден өткен. Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар халықтың денсаулығын қорғау мен тағам сапасына деген жауапкершілікті арттыруды көздейді.
