Сурет: Түркістан обл әкімдігі
Түркістан облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген брифингінде облыстың жер қоры туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, жалпы жер қоры 11 млн 610,3 мың гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер – 4 млн 527,3 мың гектар, елді мекендер – 807,8 мың гектар, өнеркәсіп – 140,4 мың гектар, ерекше қорғалатын аймақ – 431,4 мың гектар, орман қоры – 3 млн 29,87 мың гектар, су қоры – 134,6 мың гектар және босалқы жер – 2 млн 539 мың гектар.
Облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару екі бағытта жүргізілуде. Бірінші бағыт бойынша министрлік бекіткен жоспарға сәйкес 129,9 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, жоспар 118,1 пайызға орындалды. Екінші бағыт – ауыл шаруашылығы кешенін зерделеу мақсатында арнайы жұмысшы топ құрылған. Жұмыс барысында 3 960 жер пайдаланушының 372,6 мың гектар жайылым жеріне мал басы тіркелмегені анықталып, нәтижесінде 225,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды, жоспар 100,5 пайызға орындалды. Биыл 187,3 мың гектар жайылым жерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілуде.
Спикердің айтуынша, аудан-қала әкімдіктері бойынша 1 542 жер пайдаланушы 302,4 мың гектар жерді мақсатына сай пайдаланбағаны анықталып, ескерту берілген. Сонымен қатар, 2021–2025 жылдары елді мекендерді қоғамдық жайылыммен қамтамасыз ету үшін 1 176 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылып, 950,3 мың гектар ауылдық округ әкімдіктеріне қоғамдық жайылым ретінде берілген. Былтыр 12 конкурс ұйымдастырылып, 129,3 мың гектар ауыл шаруашылығы жері айналымға енгізілсе, биыл 146,5 мың гектар жерді айналымға енгізу жоспарланып отыр.
