ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 200 МЫҢ ГЕКТАРДАН АСТАМ ЖАЙЫЛЫМ ЖЕР ОРТАҚ ПАЙДАЛАНЫМҒА БЕРІЛДІ
Бұл туралы брифингте Түркістан облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген айтты.
«Түркістан облысында жалпы жер қоры 11 млн 610,3 мың гектарды құрайды. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы мақсатында – 4 млн 527,3 мың гектар, елді мекендер – 807,8 мың гектар, өнеркәсіпте – 140,4 мың гектар, ерекше қорғалатын аймақ – 431,4 мың гектар, орман қоры – 3 млн 29,87 мың гектар, су қоры – 134,6 мың гектар және босалқы жер көлемі – 2 млн 539 мың гектар. Облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару екі бағытта жүргізілуде.
Алдымен министрлік тарапынан бекітілген жоспар бойынша 129,9 мың гектар жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылып, жоспар 118,1 пайызға орындалды. Ал, екінші бағыт бойынша Түркістан облысында ауыл шаруашылығы кешенін зерделеу мақсатында арнайы жұмысшы топ құрылған. Атқарылған жұмыс барысында аудан-қала әкімдіктері бойынша 3 960 жер пайдаланушының 372,6 мың гектар жайылым жерлеріне мал басының тіркелмегендігі анықталған.
Нәтижесінде 225,2 мың гектар жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылып, жоспар 100,5 пайызға орындалды. Ал, биыл 187,3 мың гектар жайылым жерді мемлекет меншігіне қайтару бағыттарында тиісті жұмыстар жүргізілуде»,- деді Ерғали Аманкелдіұлы
