Түркістан облысында халықты сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары жалғасуда. Биыл бюджет есебінен 66 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров апта сайынғы мәжілісте бұл – кезек күттірмейтін мәселе екенін атап, жауаптыларға жоспарланған 38 елді мекенді жыл соңына дейін 100% сумен қамтамасыз етуді тапсырды. Мерзімінде орындалмаған жағдайда аудан әкімдерінің тәртіптік жауапкершілігі қаралатыны ескертілді.
Жыл соңына дейін 38 су құбыры іске қосылып, 30 елді мекенге жаңа жүйе тартылады, тозған желілер жаңартылады. 28 нысанның құрылысы 2026 жылға өтпелі. Қазір Ордабасы, Қазығұрт, Бәйдібек, Сарыағаш, Келес аудандарында жұмыстар жүріп жатыр. Бүгінде облыстағы 129 елді мекенге кестемен су беріледі, оның ішінде 68-і жергілікті әкімдікке, 61-і «Қазсушар» РМК-на тиесілі. Биыл 24 елді мекенге тәулік бойы су жеткізу жоспарланған, қалған 20-сы келесі жылы толық қамтылады.
