Түркістан облысында ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібін дамыту мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі болып отыр. Соңғы жылдары өңірде агроөнеркәсіп кешендерін жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді жетілдіру және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда. Осыған орай, ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Түркістан облысына іс-сапармен келіп, Келес және Шардара аудандарындағы жобалардың жұмыс барысымен танысты.
Сапарға комитет төрағасы Әли Бектаев, комитет мүшелері, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзуллаев қатысты. Депутаттар ауылдық және индустриялық жобаларды бақылау, олардың тиімділігін бағалау, сондай-ақ өңірдегі агроөнеркәсіптік дамуға қатысты ұсыныстар жинау мақсатында келді.
Сенаторлар алдымен Келес ауданындағы «Ecoculture-Eurasia» ЖШС-ның жылыжай кешеніне барды. 51,88 гектар аумақты қамтитын кешеннің жылдық өндірістік қуаттылығы – 27 мың тонна көкөніс. Биыл оның 21 гектары іске қосылады деп жоспарланған. Жылыжайда 800 жаңа жұмыс орны құрылып, қызметкерлерді оқыту және тағылымдамадан өткізу жүйесі жолға қойылған. Негізгі өнім – қызанақ. Сонымен қатар, алдағы уақытта қызанақтың ірі және ұсақ жемісті сорттарын қатар өсіру жоспары қарастырылған. Бұл жоба тек өнім көлемін арттырумен шектелмей, қызметкерлердің кәсіби біліктілігін көтеруге, заманауи агротехнологияларды енгізуге және экспорт әлеуетін кеңейтуге бағытталған.
Келес ауданындағы кешеннің жұмысымен танысқан сенаторлар, агроөнеркәсіп саласында жасалып жатқан инвестициялық жобалардың аймақ экономикасына тигізетін әсерін атап өтті. Жобалар ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға, жастарды жұмысқа тартуға және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, сапар барысында сенаторлар Шардара ауданындағы «Казкрахмал» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Бұл кешен жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеуге арналған және 2026 жылы толық іске қосылады деп жоспарланған. Жоба іске қосылған кезде 550 жаңа жұмыс орны ашылады. «Казкрахмал» өнімдері ішкі нарықты қамтамасыз етуге, тұрақты экспортты арттыруға және өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған. Қазіргі таңда зауытта жүгеріні қабылдау, кептіру кешенінің құрылысы және жүгері дәнін сақтау қоймаларының құрылысын аяқтау жұмыстары жүргізілді.
Бұл жобалар облыстың агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін заманауи стандарттарға сай өңдеуге және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге үлес қосады. Сонымен қатар, өндірістік инфрақұрылымның дамуы ауылдық жерлердегі әлеуметтік жағдайды жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және жастардың ауылдық жерлерде тұрақтап қалуына жағдай жасайды.
Аталған іс-шаралар Түркістан облысының агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту, ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді өндіру және өңдеу, экспортты кеңейту бағытындағы мемлекеттік саясаттың нақты көрінісі болып табылады. Сенаторлардың іс-сапары барысында жобалардың тиімділігі, өндіріс көлемі, жұмыс орындары және технологиялық жаңашылдықтар жан-жақты қарастырылды.
Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл сапар агроөнеркәсіп саласында жобаларды іске асыру барысын бақылау, тәжірибе алмасу және өңірде қосымша инвестициялық мүмкіндіктерді анықтау үшін ұйымдастырылды. Жобалардың сапалы іске асуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықты жұмыспен қамтуға және ауыл шаруашылығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып отыр.
Түркістан облысында агроөнеркәсіп жобаларының дамуы – өңірдің экономикасын әртараптандыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен экспортты кеңейту, жаңа жұмыс орындарын құру, сондай-ақ жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту жолындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі болып табылады.
