Түркістан облысында мәдениет пен руханият саласы соңғы жылдары ерекше серпінге ие болды. Облыс орталығының тарихи аурасы мен ежелгі өркениеттен қалған мұраларын қайта жаңғырту, туризмді дамытумен қатар әлеуметтік-мәдени бастамаларды қолдау өңірдің стратегиялық дамуының басты бағытына айналды.
Осы мақсатта облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен өткен жиында биылғы жылға жоспарланған мәдени-туристік жобалардың жай-күйі талқыланды. Басқосу барысында ірі республикалық және халықаралық деңгейдегі шаралардың ұйымдастырылуы, олардың өңір экономикасына әсері, сондай-ақ рухани құндылықтарды дәріптеу мүмкіндіктері сараланды.
Жиынға облыстың мәдениет, туризм, ішкі саясат және басқа да жауапты басқармалардың өкілдері қатысып, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайлы баяндады. Басқарма басшылары бірқатар ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, ұйымдастыру тетіктерін жетілдіру жолдарын ұсынды.
Ертай Кенжебекұлы өз сөзінде әлеуметтік-мәдени жобалардың Түркістан облысы үшін стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, мәдениет пен туризм саласындағы бастамалар тек тұрғындардың рухани өмірін байытып қана қоймай, сонымен қатар өңірге жаңа туристік ағым тартуға сеп болады. «Республикалық және халықаралық деңгейдегі іс-шаралар – Түркістанның әлемдік деңгейде танылуына жол ашады. Бұл – экономика мен туризмді дамытудың, шағын және орта бизнестің өркендеуінің кепілі», – деді ол.
Сонымен бірге, жиында руханият саласындағы бірқатар тың жобаларға да назар аударылды. Түркістанның мәдени мұрасын кеңінен насихаттау үшін этнографиялық фестивальдер, ұлттық өнерді дәріптейтін байқаулар, көрмелер өткізу жоспарланған. Мұндай шаралар өңірдің тарихи келбетін сақтап қана қоймай, жастарды ұлттық құндылықтарға баулуға ықпал етпек.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары нақты тапсырмалар беріп, әрбір жобаның сапалы әрі уақытылы орындалуын қатаң бақылауда ұстайтынын жеткізді. Ол сондай-ақ жауапты құрылымдарға шаралардың тиімділігін арттыру, инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді пайдалану және ақпараттық қолдауды күшейту қажеттігін ескертті.
Түркістан облысында әлеуметтік-мәдени жобаларды тұрақты түрде өткізу – өңірдің имиджін қалыптастырудың, рухани орталық мәртебесін нығайтудың негізгі шарттарының бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын таппақ.
