Түркістан облысында былтыр 36 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді

Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын дамыту мәселелері облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен өткен алқа отырысында кеңінен талқыланды. Жиында 2025 жылдың қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған басым бағыттар айқындалды. Өңірде атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталып, ана мен бала денсаулығын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды.

Облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекті қамтамасыз ету өңір дамуының стратегиялық бағыты екенін атап өтті. Ол жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеп, медициналық қызмет сапасын арттыруға басымдық беруді талап етті.

– Басты қазынамыз – адам өмірі. Мемлекеттік бюджетті медицина сапасын жетілдіруге, жаңа технологиялар енгізуге тиімді пайдалану қажет. Жекеменшік медициналық ұйымдарға қойылатын талаптар да күшейеді. Сондықтан мониторингтік топтардың жұмысын жандандырып, медициналық қызметтің барлық деңгейде сапалы әрі қолжетімді болуын қамтамасыз етіңіздер, – деді Қанат Қайыпбек.

Ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында Түркістан облысында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда өңірде перинаталдық көмек үш деңгейде көрсетіледі. Облыста 22 босандыру ұйымы жұмыс істейді. Кадрмен қамтылу деңгейі – 95 пайыз, медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілу көрсеткіші – 80,7 пайыз.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында өңірге бөлінген квоталар толық игеріліп, нәтижесінде 780 сәби дүниеге келді. Олардың қатарында егіздер мен үшемдер де бар. Балалар денсаулығын сақтау бағытында да оң нәтижелер байқалуда. Облыста 8 балаларды оңалту орталығы жұмыс істейді. 2025 жылдың соңында Түркістан қалалық балалар ауруханасы жанынан жаңа Балалар оңалту орталығы іске қосылды. Сонымен қатар әмбебап-прогрессивті патронаж моделі енгізіліп, мейірбикелермен қамту деңгейі 95 пайызға жетті. Бұл ана мен баланың денсаулығын ерте кезеңнен бақылауға мүмкіндік беріп отыр.

Өңірде медициналық инфрақұрылымды дамыту бағытында заманауи нысандар бой көтеруде. Өткен жылы Түркістан облысында 36 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді. Атап айтқанда, бір балаларды оңалту орталығы, ауылдық жерлерде 8 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт және 22 медициналық пункт іске қосылды. Ал 2026 жылы тағы 20 медициналық нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған.

Сондай-ақ облыста ірі стратегиялық медициналық жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта Сарыағаш қаласында 300 төсек-орындық көпбейінді аурухана, Ордабасы ауданында 200 орындық облыстық перинаталдық орталық, Түркістан қаласында Ана мен бала орталығы мен 570 төсек-орындық көпбейінді аурухана құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұдан бөлек, биыл Сайрам аудандық орталық ауруханасы, Сайрам ауданындағы «Қарабұлақ» ауруханасы және Жетісай ауданындағы «Асықата» ауруханасында күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған.

Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында өткен жылы облыстың медициналық ұйымдары 2 560 дана заманауи медициналық құрал-жабдықпен толықты. Оның ішінде МРТ, КТ аппараттары, эксперттік УДЗ жүйелері, маммографиялық қондырғылар, бейнеэндоскопиялық кешендер және онкологиялық диагностикалық құрылғылар бар.

Жедел медициналық көмектің сапасын арттыру үшін 60 реанимобиль мен 2 неонаталдық жедел жәрдем көлігі пайдалануға берілді. Ал мектеп медицинасын дамыту аясында білім беру ұйымдары 348 дефибриллятор және стоматологиялық қондырғылармен қамтамасыз етілді.

Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев саладағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын және берілген тапсырмалардың орындалуы тұрақты бақылауда болатынын айтты.

Ұқсас жаңалықтар

«Айналым жоқ, айналма жол көп пе?» Арыс қаласындағы мектеп директорлары неге ротацияға ілікпей отыр?

berdaly_oraz

ОРДАБАСЫДА ҚАЖЫМҰҚАН АТЫНДАҒЫ ЖАҢА МӘДЕНИ-СПОРТ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

berdaly_oraz

Түркістан: Шардарадағы жағажайлардың тазалығы мен қауіпсіздігі бойынша қатаң талаптар қойылды