ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЭКСПОРТҚА БАҒЫТТАЛҒАН ӨНДІРІС КЕҢЕЮДЕ: МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ОРДАБАСЫДАҒЫ ІРІ ЖОБАЛАРДЫ КӨРДІ

9 қаңтар күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Қайрат Балабиев, Ұласбек Сәдібеков, Темір Қырықбаев, Нұрсұлтан Байтілесов және Ерлан Әбдиев Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Халық қалаулылары Ордабасы ауданына қарасты Бадам және Шұбарсу елді мекендеріндегі өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралады.

Сапар алдымен Бадам ауылдық округіндегі «Бадам» индустриалды аймағында орналасқан «Central Asia Aluminium Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зауытынан басталды. Алюминий профильдерін өндіретін кәсіпорын бүгінде 200 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жобаның алғашқы кезеңінде 4,4 млрд теңге инвестиция тартылған. Зауытта шығарылатын өнімнің негізгі бөлігі шетел нарығына жөнелтіледі.

Мәжіліс депутаттары бұл кәсіпорын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеу өнеркәсібін дамыту, отандық өнім үлесін арттыру және экспортқа бағытталған өндірістерді қолдау жөніндегі тапсырмаларының нақты нәтижесі екенін атап өтті.

Іссапар барысында депутаттар өңірдің аграрлық әлеуетіне де ерекше назар аударды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласымен ұштастыру, шикізатты терең өңдеп, қосымша құны жоғары тауар шығару – ел дамуының маңызды бағыты екені айтылды. Бұл ұстаным «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында да айқын көрініс тапқан.

Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев өңірлердегі өндірістік жобалардың экономикалық маңызына тоқталды.

– Өңірлерде осындай ауқымды жобалардың іске асуы – экономиканы әртараптандыру саясатының нәтижесі. Өндіріс пен аграрлық секторды қатар дамыту ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Парламент инвесторларға қолайлы жағдай жасау және отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастырады, – деді ол.

Сапар аясында Мәжіліс депутаттары Шұбарсу ауылында жуырда пайдалануға берілген 600 орындық «Парасат» жалпы білім беретін мектебіне де барды. Үш қабатты жаңа білім ордасы «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы мен Президенттің білім беру инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында салынған.

Мектеп заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда асхана, кітапхана, спорт және акт залдары, медициналық пункт, пәндік кабинеттер қарастырылған. Қазіргі таңда оқу орнында 70-ке жуық қызметкер еңбек етеді.

Шұбарсу ауылы – халқы тығыз орналасқан елді мекендердің бірі. 50 мыңнан астам тұрғыны бар ауылдағы 15 мектепте 12 мыңнан аса оқушы білім алады. Жаңа мектеп қолданысқа берілгеннен кейін білім беру нысандарына түсетін жүктеме айтарлықтай азайған.

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев білім беру саласына салынған инвестицияның стратегиялық маңызын атап өтті.

– Білім беру инфрақұрылымын дамыту – ел болашағына жасалған нақты қадам. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан жобалар ауыл мен қала арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған. Бұл – партия бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі, – деді депутат.

 

Айта кетейік, өткен жылы Түркістан облысында пайдалануға берілген 20-ға жуық жаңа мектептің бесеуі Ордабасы ауданында салынған. Бұл өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын көрсетеді.

Жұмыс сапары соңында Мәжіліс депутаттары жергілікті кәсіпкерлермен, аграрлық сала өкілдерімен және білім беру ұйымдарының басшыларымен кездесті. Басқосуда инвестициялық ахуалды жақсарту, ауыл шаруашылығы мен өндірісті дамыту және өңірлерге мемлекеттік қолдауды күшейту мәселелері талқыланды. Көтерілген ұсыныстар алдағы уақытта Мәжіліс деңгейінде қаралатын болады.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ ТЕКСЕРІСТЕР ҚАТАҢДАТЫЛДЫ

berdaly_oraz

Түркістанда жол жамылғыларын аэрация әдісімен суару жұмыстары жүргізілуде

Монтайтас ауылдық округінің әкімі болып Ербол Ахметов қайта сайланды

berdaly_oraz