Түркістан облысында ерекше балаларға арналған үш жаңа оңалту орталығы ашылады

Түркістан облысында ерекше балаларға арналған үш жаңа оңалту орталығы ашылады,-деп хабарлайды Арысинфо.кз.

Түркістан өңірінде мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтік бейімделуі мен толыққанды өмір сүруіне жағдай жасау мақсатында ауқымды жоба жүзеге асырылуда. «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен биыл аймақта бірден үш оңалту орталығы ашылады. Бұл бастама облыс тұрғындарына көрсетілетін медициналық әрі әлеуметтік көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Алғашқы екі орталық Сарыағаш және Мақтаарал аудандарында «Ainala» аралас үлгісінде жұмыс істейтін болады. Мұнда тірек-қимыл жүйесінде ақауы бар, психоневрологиялық сырқаттармен ауыратын, аутизмге шалдыққан және өзге де даму ерекшелігі бар 70 бала қабылданады деп жоспарланған. Әрбір балаға жеке бағдарлама әзірленіп, тәжірибелі мамандардың сүйемелдеуімен емдік және дамыту шаралары жүргізіледі. Орталықтар заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, балалардың әлеуметке бейімделуіне қолайлы орта жасалады.

Жыл соңына дейін Түркістан қаласында тағы бір маңызды мекеме – аутизм диагнозы қойылған балаларға арналған жаңа орталық есігін айқара ашпақ. Мұнда жылына шамамен 125 бала кешенді көмек алып, логопед, дефектолог, психолог және басқа да мамандардың тұрақты бақылауында болады. Бұл мекеме ата-аналар үшін де үлкен демеу болмақ, себебі балалардың әлеуетін ашуға және қоғамға бейімделуіне кәсіби қолдау көрсетіледі.

Бұдан бөлек, 30 қазан мен 15 қараша аралығында өңір тұрғындарына тегін қызмет көрсететін «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы жолға шығады. Пойыз құрамында жоғары білікті дәрігерлер мен заңгерлер бар. Олар шалғай ауылдарды аралап, халыққа медициналық тексеру жүргізіп, құқықтық кеңес береді. Бұл бастама әсіресе ауылдық жерлердегі тұрғындар үшін аса пайдалы болмақ.

Айта кетейік, соңғы жылдары «Samruk-Kazyna Trust» қоры Түркістан облысында әлеуметтік жобаларды жүйелі түрде қолдап келеді. Өткен жылы облыс әкімдігімен бірлесіп Түркістан қаласында Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені бой көтерді. Сонымен бірге «Саламатты болашақ» жобасы аясында Кентау және Қаратау қалаларында ерекше балаларға арналған инклюзивті секциялар ашылып, хореография мен бочча спорты бойынша үйірмелер жұмыс істеп тұр. Бұл жобалар балалардың әлеуметтік интеграциясына, олардың бойындағы талантын дамытуға жол ашты.

Жалпы алғанда, соңғы бес жылдың ішінде «Samruk-Kazyna Trust» қоры Түркістан облысында 2,2 миллиард теңге көлемінде қаржы жұмсап, 19 әлеуметтік жобаны жүзеге асырған. Бұл – денсаулық сақтау, спорт, білім беру және әлеуметтік қолдау бағыттарын қамтитын кешенді жұмыстардың нақты нәтижесі.

Жаңа оңалту орталықтарының іске қосылуы өңірдегі мыңдаған ата-ана мен бала үшін үлкен мүмкіндік болмақ. Мұндай бастамалар қоғамның әлсіз топтарын қолдаудың, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің және балалардың болашағына сенім ұялатудың айқын көрінісі.

Ұқсас жаңалықтар

Гурбангулы Бердімұхамедов Қазақстанға келді

Арыста кешегі айтулы мереке ерекше аталып өтті

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚАРТТАР КҮНІНЕ ОРАЙ «ҚҰРМЕТ» АРДАГЕРЛЕР ҮЙІ АШЫЛДЫ

Redaktor Arysinfo