Бүгін Түркістан облысының әкімдігінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын талқылауға және түсіндіруге арналған мәжіліс өтті, деп хабарлайды Arysinfo.kz
Маңызды жиынға аудан, қала әкімдері, басқармалар мен аумақтық органдардың басшылары, қоғамдық ұйымдар мен партиялар, жастар өкілдері қатысты.
Өңір активі бас қосқан мәжіліске Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етіп, елімізде аса маңызды саяси реформалар жүріп жатқанына, оның мемлекетті дамытудағы маңызына тоқталды.
Өз сөзінде облыс әкімі: «Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылдың қыркүйегіндегі Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына және саяси жүйесін кешенді жаңғыртулар енгізу мақсатында бір палаталы Парламент құру жөнінде бастама көтерді. Президенттің өкімімен Парламенттік реформаны іске асыру жөніндегі жұмыс тобы құрылды. 21 қаңтарда Конституцияға тиісті өзгерістер енгізу мақсатында арнайы комиссияның құрамы бекітілді. Конституциялық реформа – бұл тек өзгеріс емес, бұл – елдің болашағын айқындайтын тарихи әрі маңызды қадам», – деді.

Нұралхан Көшеров әділеттілік пен заң үстемдігі – Конституцияның өзегіне айналғанын, сонымен қатар, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты нақты мазмұнмен толықтырылғанын атап өтті.
Сондай-ақ жиында Конституциялық комиссияның мүшесі, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов ел болашағы үшін жасалып отырған бұл ауқымды реформа халыққа әділетті жағдай жасап, мәдени-рухани дамуға жол ашып, еліміздің дамуына зор серпін беретінін жеткізді.
– Конституция преамбуласы толығымен жаңартылып, ұлттық мемлекеттілікті нығайтып, елдің идеялық бағдарын айқындайтын маңызды қадам ретінде ұсынылды. Преамбулада Қазақстанның біртұтас ұлт екенін көрсету, унитарлық құрылымын және аумақтық тұтастығын сақтау, «Әділетті Қазақстан» идеясы мен «Заң мен тәртіп» қағидаттары да ұсынылды,– деді ол.

Түркістан облысы әділет департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Ербекешов Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасындағы негізгі өзгерістер туралы айтып, басты құжатта халықтың рөлі айрықша күшейтілгенін мәлімдеді. Ал «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев Конституцияның жаңа жобасында Парламенттің рөлін күшейту, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нақты қорғау басты орынға қойылған баяндады. Конституция тармақтарының жаңа редакциясы жан-жақты әрі тиянақты пысықтаулардан өткенін, 145 депутаттан тұратын Құрылтайдың өкілеттіктері бекітілетінін, Қазақстанның Халық Кеңесі құрылатынын жеткізді.
Түркістан облысының Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов та Конституция жобасына қатысты ұсынысын жеткізіп, бастаманы қолдайтынын білдірді.

Жиынды қорытындылаған Нұралхан Көшеров жаңа Конституция жобасы бойынша шешім республикалық референдумда қабылданатынын, Конституциялық реформа еліміздің саяси-құқықтық және қоғамдық дамуына оң серпін беретінін жеткізді.

