ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МӘМС ЖҮЙЕСІНЕ КӨШУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАНДАНДЫ

Қазақстан денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың жаңа үлгісіне көшуді көздеп отыр. 2027 жылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) тетігі негізгі модельге айналмақ. Мемлекет басшысы қол қойған заңнамалық өзгерістерде жарналардың жаңа тәртібі, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, сондай-ақ халықты кең көлемде қамту мәселелері қамтылған. Ең басты жаңашылдық – азаматтардың қажеттіліктері мен мемлекеттің қаржылық мүмкіндігін ескере отырып, бірыңғай базалық медициналық көмек пакетінің енгізілуі. Бұл қадам саланың ашықтығын арттырып, тұрақты әрі әділ жүйе құруға жол ашады.

Осыған байланысты Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстар аймақ әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында талқыланды. Әкім сала басшыларына салық органдарымен бірлесіп, тұрғындарды ақпараттандыруды күшейтуді тапсырды.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыстық филиалының жетекшісі Бахыт Исмаханбетов өңірдегі сақтандыру жүйесінің жағдайы мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Оның айтуынша, 2027 жылдан бастап денсаулық сақтау шығындарының 65%-ы МӘМС есебінен, ал қалған 35%-ы мемлекеттік бюджет арқылы қаржыландырылмақ. Бұл тәсіл барлық азаматтарға медициналық көмектің теңдей қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі таңда Түркістан облысының тұрғындарының 83%-дан астамы сақтандырылған, ал жаңа реформалар жүзеге асқан жағдайда бұл көрсеткіш 95%-ға жеткізіледі деп күтілуде.

2026 жылдан бастап «Бірыңғай медициналық көмек пакеті» іске қосылады. Жаңа заңға сәйкес, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне медициналық ұйымдардың қызметін жедел тексеріп, өрескел заңбұзушылықтарға сот шешімінсіз шара қолдану құқығы берілмек. Мұндай жаңашылдық науқастардың құқықтарын қорғауға және қызмет сапасын арттыруға ықпал етеді.

Сарапшылардың пікірінше, сақтандыру моделіне толық көшу – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, медициналық қызметтерді әділ бөлу және саланың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды тетігі. Түркістан облысында осы бағыттағы шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Ендігі міндет – халықты жан-жақты ақпараттандырып, МӘМС жүйесіне толыққанды тарту.

Ұқсас жаңалықтар

Өңір жаңалығы: Қазығұртта 100-ден аса адам жүгіру марафонына қатысты

ТҮРКІСТАН: АРЫС ҚАЛАСЫНДА 50 МЫҢ БАСҚА АРНАЛҒАН ІРІ ҚАРАНЫ БОРДАҚЫЛАУ АЛАҢЫ САЛЫНУДА

Redaktor Arysinfo

Түркістан облысының әкімі ҰОС ардагерін арнайы барып құттықтады

berdaly_oraz