Түркістан облысы прокуратурасының бастамасымен өңірде «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы іске қосылды. Пилоттық жоба Сайрам ауданында сынақтан өтіп, оң нәтиже берген: соңғы жарты жылда кәмелетке толмағандар арасында қылмыс тіркелмеген.
Жоба аясында 55 мектепте психолог кабинеті жабдықталды, ал 6 мектепте алғаш рет ашылды. Оқушылармен жеке жұмыс жүргізіліп, мәселелерді анықтау мен шешу жүйелі жолға қойылды.
Облыстық тамыз кеңесінде прокурордың орынбасары Дәулет Тлемисов жоба нәтижелерін таныстырып, енді барлық аудан, қалаларда енгізілетінін айтты. Оның айтуынша, басты мақсат – мектеп, ата-ана және мемлекеттің күшін біріктіріп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Қазір өңірде 1 093 мектепте 553 мыңнан астам оқушы білім алады. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі 147 инспектор мектептермен бекітілген кесте бойынша жұмыс істейтін болады.
