Түркістан облысында Наурыз мерекесі 10 күн бойы атап өтіледі

Сурет: Түркістпн обл әкімдігі

Түркістанда Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік іс-шаралар 14 наурызда басталады. Киелі шаһарда халықаралық атшабар ашылып, арнайы киіз үйлер тігіліп, Наурыз мейрамын 10 күн бойы тойлау жоспарланып отыр.

Мерекеге дайындық барысы облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен өткен жиында жан-жақты талқыланды. Жауапты сала басшыларына іс-шараларды жоғары деңгейде әрі креативті форматта ұйымдастыру тапсырылды.

Жиын барысында облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әділ Қонысбеков, спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров және қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Жанәбіл баяндама жасап, алдағы жоспарларды таныстырды.

Биыл Наурыз мерекесін бір күнмен шектемей, он күн бойы атап өту көзделген. Бұл бастама Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің нұсқаулығына сәйкес жүзеге асырылады. Негізгі мақсат – Түркістанның рухани-тарихи елорда ретіндегі мәртебесін терең мазмұнмен толықтыру. Қазіргі уақытта мерекелік іс-шаралардың кешенді жоспары әзірленуде.

Бағдарлама аясында ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғыртуға бағытталған заманауи форматтағы мәдени көрсетілімдер ұйымдастырылады. Сонымен қатар өңірдегі цифрлық даму жетістіктері – AI, IT, VR және робототехника салаларындағы жобалар таныстырылып, оқушылар мен студенттердің интеллектуалдық жұмыстарының көрмесі өтеді.

Ұлттық спорт түрлерінен бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, құсбегілік, асық ату, тоғызқұмалақ, садақ ату бойынша жарыстар жоспарланған. Түркістан төрінде республикалық деңгейдегі ақындар айтысы ұйымдастырылып, танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламалар өтеді. Сондай-ақ түрлі фестивальдер, ғылыми-танымдық VR экскурсиялар, интеллектуалдық ойындар, қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмелері көпшілік назарына ұсынылады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ұмыт болған ұлттық дәстүрлерді жаңғыртуға бағытталған 10 күндік мерекелік шаралар өңірге туристер ағынын арттыруға ықпал етпек.

Айта кетейік, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай 6 наурызда облыс әкімінің қатысуымен «Әлемнің жарығы – Ана» атты салтанатты жиын өтеді. Онда қоғамның әр саласында үлгі болған аналар марапатталып, құрмет көрсетіледі.

Ұқсас жаңалықтар

Ресейдің энергетика министрі тоқаевқа путиннің хабарламасын жеткізді

berdaly_oraz

Металлургия Қазақстанның жетекші және перспективалы салаларының бірі

Қазақстанда картоп бағасын тұрақтандыру үшін жаңа әдіс ұсынылды

berdaly_oraz