Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бағытында арнайы іс-шаралар жоспары әзірленеді. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Жиында 10 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген міндеттерді жүзеге асыру тетіктері сараланды.
Күн тәртібінде 7 басым бағыт қаралды. Атап айтқанда, инфляцияны төмендету, жаңа Салық кодексін енгізу, цифрландыруды күшейту, инвестициялық белсенділікті арттыру, заманауи өнеркәсіпті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, көлік-логистикалық әлеуетті жетілдіру және энергетикалық тапшылықты азайту мәселелері қамтылды.
Облыс әкімі Президент тапсырмаларын сапалы әрі мерзімінде орындау – әр басшының жеке жауапкершілігі екенін атап өтті. Инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу негізгі басымдық болып қала бермек. Сонымен қатар цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект элементтерін барлық салаға енгізу, салық-бюджет саясатын тиімді реттеу, елді мекендерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету міндеттері жүктелді.
Инфляцияны тежеу үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, өндіріс көлемін арттыру және ішкі нарықты отандық өніммен қамту шаралары пысықталды. Бағаны негізсіз өсіруге жол бермеу және тұрақтандыру қорларының тиімді жұмысын қамтамасыз ету тапсырылды.
Жаңа Салық кодексін енгізу аясында фискалдық саясаттың тиімділігін арттыру, салықтық әкімшілендіруді цифрландыру және бюджет түсімдерін ұлғайту көзделіп отыр. 2026 жылы жергілікті бюджетке 225 млрд теңге түсім түсіру жоспарланған.
Инвестициялық саясат бойынша 2025 жылдың қорытындысымен негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгеге жетіп, жоспар 121,6 пайызға орындалған. Ал 2026–2029 жылдары жалпы құны 2,8 трлн теңгені құрайтын 111 жобаны іске асыру көзделген.
Өнеркәсіп өндірісі 2025 жылы 1 596 млрд теңгеге жетіп, 13,8 пайыз өсім көрсетті. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі – 47,5 пайыз. Импортты алмастыруға және терең өңдеуге бағытталған жобаларға басымдық беріледі.
Көлік логистикасы саласында халықаралық транзиттік дәліздердің мүмкіндігін тиімді пайдалану, «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісін уақтылы аяқтау және Түркістан әуежайын халықаралық хабқа айналдыру міндеті қойылды.
Энергетика бағытында облыстың электр энергиясын тұтынуы 445 МВт болса, оның 75 пайызы сырттан жеткізіледі. Жалпы қуаты 2,4 ГВт болатын 6 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Мәжіліс қорытындысында барлық бағыт бойынша нақты тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, Президент жүктеген міндеттерді орындауға арналған арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеу тапсырылды.
